Ақтауда үй, жер, көлік алып, 1 жылға жетпей сатып жіберетін азаматтар салығын төлеуі тиіс. Бұл туралы қала әкімі Ғалымжан Ниязов бүгін халыққа есеп беру кезінде айтты.
- 2012-2017 жылдар ішінде қала бойынша пәтер, жер немесе көлік сатып алып, бір жыл ішінде қайта сататын 800-ден аса азамат 10 пайыздық мөлшердегі салықты үкіметке төлемеген. Бұл дегеніңіз, қала бюджетіне 760 миллион теңге көлемінде салық түспей отыр деген сөз. Біз оларға ескерту беріп отырмыз, - дейді Ғалымжан Ниязов.
Бұдан бөлек, Ғалымжан Мұқырұлы қала бойынша 5400 азамат жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтады.
- 56 күн ішінде жұмыс комиссиясы 935 адамның қолма-қол ақша алып, жұмыс істеп жүргендігін анықтап отыр, яғни олар - жұмысшы ретінде тіркелмей, зейнетақы қоры мен кіріс салығы аударылмай жұмыс істеп жатқан азаматтар. Бұл қаламызға инвестиция түсуіне кедергі болып отыр. Біз қалалық кірістер департаментімен бірігіп бұл олқылықтардың орнын толтырамыз, - деді Ғалымжан Мұқырұлы.
Қала әкімінің айтуынша, жұмыссыз деп тіркелген 5400 тұрғынның көпшілігі Жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос жұмыс орындарынан бас тартады екен.
Айгүл ДӘДЕН Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН