Қазіргі адам пендесінің рух-жігері, қажыр-қайраты өте әлсіреп кеткен сияқты. Бірақ пенде болғандықтан санамыз бен бойымыздағы осындай кемшіліктерді өзімізден емес, өзгеден іздеуге тырысамыз. Яғни өз кінәмізді өзгеге аударуға бейім тұрамыз. Осындай жағымсыз қасиеттер мен өрескел ойлар қатпарланып бүкіл болмысызды билеп алады. Нәтижеде жүйкең әбден жұқарып, өзіңнен-өзің өзімшіл, кекшіл, ызақор, жалқау, бірбеткей болып қалыптасасың. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге» әдеттенесің. Әрине, мұндай да үнемі жолың бола бермейді. Қолға алған ісіңнің қисыны кетіп, еңбегің өнімсіз болады. Ақыр түбінде жұмыссыз, талапсыз қаласың. Талап, табыс болмағасын отбасыңда түрлі мәселелер, үй-ішіңде кез келген кикілжіңдер пайда болып, әртүрлі қиындықтар туындауы мүмкін. Төңірегіңе де жеккөрінішті көрінесің. Мұндайдың ең басты емі – сабыр, төзім, талап, еңбек. Өйткені Фридрих Энгельс деген данышпан «Адамды адам еткен – еңбек» десе, өзіміздің Абай Құнанбаев атамыз: «Адам болам десеңіз, Тілеуің өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз, Бес нәрсеге асық бол, Бес нәрседен қашық болІ Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз. Ақыл, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз...» - дейді. Сондықтан бойкүйездіктен аулақ болып, жалқаулықтан арылған адамның тұрмысы түзеліп, өмірі нұрлана түседі. Тек сабырлылық сақтап, төзімділік танытып, адал еңбек етіп, маңдай термен табылған асты бала-шағаңның аузына тоссаң, отбасыңнан береке-бірлік кетпейді. Шаңырағың орынсыз шайқалмай, түтінің түзу шығады. Тұрмысың да, отбасың да татулық, ауызбіршілік үкім сүреді. Сол берекелі өмір бала-шағаң мен үрім-бұтағыңды бақытқа бөлейді. Келешек өміріңнің мықты тіреуіне айналады. Бұл – бір мәселе. Айтқалы отырған екінші мәселе де осыған сабақтас. Жоғарыда айтқандай осының бәрі берекесіздікке бастайды. Отбасыңда ұрыс-керіс туындап, сәл нәрсе үшін реніш, өкпе, наразылық, кикілжің пайда болады. Отбасы мүшелерінің ауызбіршілігі ыдырап, ынтымағы бұзылып, кейде өмірден түңілушілікке алып келіп, соңы орны толмас өкінішті оқиғаларға соқтырып жатады. Әйтпесе ер азаматтар шиеттей бала-шағасын баға алмай, әйелінің мойнына масыл болып, ішкілікке салынып, іс насырға шабады. Жүйкесі сыр беріп, «шыбық тимес шыңқ етерге» айналып, кегежесі кері кетіп, басынан сөз асырмайтын күйге жетеді. Осының бәрі адам баласын моральдық та, материалдық жақтан да жұтаңдыққа, яғни әлсіреуге әкеліп соғады. Жаңағы жоғарыда айтқанымыздай рухы, жігері әлсіз жандар өмірден түңілушілікке өте бейім болып, күйреп кетуі де ғажап емес. Болмаса уақытша қиыншылықтарға шыдамай, тағдырдың сынағына төзбей, өзіне-өзі қол жұмсайтын жағдайға да жетіп жатады. Оған отбасы мүшелерінің де немесе қоршаған ортадағы, яғни төңірегіндегі күнделікті қатар жүрген адамдардың да тікелей қатысы болуы әбден мүмкін. Соңғы кездері қоғамдағы осындай қиыншылықтарға шыдамай, отбасылық кикілжіңдерден қашып, өмірден түңіліп, өскен ортадан жырақтау үшін түрлі әрекеттерге барып жүрген жарамсыз індет, жағымсыз құбылыс, тепсе темір үзетін жас жігіттер арасында дендеп бара жатқаны өкінішті. Олар өзіне-өзі қол жұмсамайды, көшеге шығып тәртіп бұзбайды, ешкімді ұрып соқпайды, алаяқтық әлде сұғанақтық жасап ұрлық істемейді, кісі тонамайды. Бірақ өскен ортадан, отбасынан аз да болса жырақтау үшін, әлдекімдерді дүрбелеңге салып, кек алу мақсатында оп-оңай сотталып кеткісі келеді. Сол қадамға өзі біле тұра, қателік, қылмыс жасағанын сезе тұра, саналы түрде барады. Ол үшін көп әуреленудің де қажеті жоқ. Кез келген уақытта, кез келген жерде жүріп, қолына ұялы телефонды алып, «Пәлен деген дүкенге немесе түген деген ғимаратқа жарылғыш зат қойылды» деп «102»-ге қоңырау шалса болғаны, көп ұзамай тұтқындалады. Сосын сотталып, жыл арқалап, түрменің темір торының арғы жағына қойдай тоғытылып кете барады. Мұны «телефон терроршысы» дейді. Бірақ кейбір азаматтардың дәл осындай сәтте бүкіл елді үрейлендіріп, сауда орындарының иесі – жеке кәсіпкерлерді құр бекерге шығынға батыратыны ойларына кіріп-шықпайтыны өкінішті. Қоғамдық тәртіп сақшылары, төтенше жағдай қызметі, өрт сөндіру бөлімі, «Жедел жәрдем» стансасы тағы басқа құтқару қызметіндегілердің жұмсалған шығындарын өтейтінін білмейтіні қиын. Әсіресе ата-аналары болса, олардың уайым-қайғыдан жылдам қартайып, денсаулықтарынан айырылатынын ойламайтыны жаман. Әйел, бала-шағасы мен тума-туысқандары бұл үшін зардап шегіп, қиналатыны миларына кіріп шықпайды. Әсіресе өсіп келе жатқан ұл-қыздары мен ата-аналарының беттеріне шіркеу болып, құрбы-құрдас, көрші-қолаң, ағайын-туыс, жалпы ел арасында еңсе көтеріп жүре алмайтынын ұқпайды. Шынтуайтқа келгенде, мұның бәрі жұмыссыздықтың, жалқаулықтың, бойкүйездіктің салдарынан болып отырған жағымсыз құбылыстар. Қазір елімізде, соның ішінде Маңғыстауда жұмыс жоқ емес, бар. Жұмыс жасаймын деген жанға табылады. Одан өз еліміздің азаматтары түгіл, шетелдік (гастербайтерлер) азаматтар да жұмыс істеп, нәпақа тауып, күндерін көріп, елдеріндегі бала-шағаларын да асырап отыр. Әрине, олар бұл жақтарға елінен, жерінен, отбасынан, бала-шағасынан безіп, еріккеннен келіп жүрген жоқ. Өз мемлекеттерінде істейтін, істесе де тістейтін мүмкіндік болмағандықтан, яғни екі қолға бір күрек табылмағандықтан, табылса да еңбегіне орай берілетін ақша болмағандықтан келіп жүр. Сондықтан Маңғыстаудың қадірін әрбір азамат жақсы түсінуі тиіс. Өйткені көл-көсір мұнайдың дода-дода ақшасы баршаның маңдайына бұйыра беруі мүмкін емес. Онсыз да мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа биылғы Жолдауында ағыл-тегіл мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқандығын елдің есіне салған жоқ па? Сондықтан жастардың өнер үйренулері керек, кез келген кәсіпке бейімделуі қажет, орта және шағын бизнеске бағыт-бағдар алулары керек. Кәсіптік оқу орындарынан білім алып, тас қалаудан бастап, сылақшы, бояушылық жұмыстардың қыр-сырын үйренулері керек. Ұсталық, электрик, дәнекерлеуші, жүргізушілік секілді ел арасындағы аса сұранысқа ие, ең қажетті мамандықтарды игерулері тиіс. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал-мәтел бекерден-бекер айтылмаған. Егер «Барға қанағат етпесең, көптен құр қаласың». Анығырақ айтқанда, бір кездері бұған да зар боласың. Міне, осындай себептерге байланысты соңғы кездері Жаңаөзен қаласында телефон терроршыларының қатары артып барады. Мұндай мысал осыдан 4-5 жыл бұрын болған еді. Онда «102»-ге біреу «Рауан» шағынауданындағы бір тұрғын үйге бомба қойылды» деп жұрттың бәрін әлекке салған. Тиісті орындар әлгі үйдің тұрғындарын түгел сыртқа шығарып, қауіпсіздігін қорғады. Екі кештің арасындағы әбігер 5-6 сағатқа созылды. Қалалық әкімдік азық-түлік алдырып, тұрғындарды автобустарға отырғызып, сол жерде тамақтандырды. Бомба іздеушілер әлгі үйден ешқандай жарылғыш зат таппады. Жалған ақпарат берген жалатай көп ұзамай ұсталды. Нәтижеде бас бостандығымен қоштасты. Мұндай келеңсіз жағдай, үрей, қорқыныш ел есінен толық өшпегенімен, азда болса ұмытылып, секемшілдік сейіле бастаған шақта алдыңғы жылдың ақырында тағы пайда болды. 2016 жылы 25 қараша күні сағат 18.54 шамасында Жаңаөзен ҚІІБ Жедел басқару орталығының «102» нөміріне телефон шалып, «№21 орта мектепке бомба қойылды» деп хабарлама берілген. Қала тұрғындары мен мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қорғау мақсатында шұғыл дабыл қағылды. Дабыл қағылудан №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына 6 өрт сөндіруші техника мен 26 қызметкер, «Дабыл» бойынша жұмыстан тыс 22 қызметкер шұғыл жеткен. «Өзенэнергосервис» МКК қызметкерлері сол маңайдағы трансформаторлық подстансасын қорғау үшін қарбаласқа түскен. «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің инженер-техник қызметкерлері «Жұлдыз» шағынауданындағы №21 орта мектепке барып тұрған табиғи газ құбырларын бекіткен. Ал «Жедел жәрдем» стансасы тарапынан 3 бригада, яғни 3 жүргізуші, бір бөлім меңгерушісі, екі аға фельдшер, бір дәрігер жұмылдырылған. Қалалық ішкі істер басқармасы жоғарыдағы халыққа қызмет етуші мекемелер мен қауіпті жағдайлардан құтқарушыларға тегіс хабарлаған. Сөйтіп полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау үшін мектепті қоршауға алып, күзетіп тұрған. Бәрі де ғимараттағы жарылғыш заттарды Ақтаудан келіп іздейтін анықтаушыларды сағаттап күтеді. Олар келгесін зәулім ғимараттың түкпір-түкпірін қалдырмай қарап, айтылған бомбаның бар-жоғы әбден анықталғанша тағы бірнеше сағат жіпсіз байланады. Нәтижесінде 1991 жылы Маңғыстау облысында туылған, орта білімді, жанұялы, жұмыс істемейтін, соттылықтан арылған, Жаңаөзен қаласы Рахат ауылындағы «Ақсу» шағынауданының тұрғыны М.М болып шығады. Ол арақ ішкен мас күйінде, қасақана, қалалық әкімдік тарапынан үй салуға жер телімі берілмегеніне ашуланып, оларды әуре сарсаңға салу мақсатында терроризм актісі туралы көпекөрнеу жалған хабарлама жасаған. Соның кесірінен №13 өрт сөндіру бөліміне 19428 теңге, «Өзенэнергосервис» МКК-ге 24648 теңге, «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне 15197 теңге, «Жедел жәрдем» стансасына 4220 теңге, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына 20630 теңгелік материалдық зиян келтірілген. Әрине, мұның бәрі жалған хабарлама беріп, жұрттың бәріне өтірік айтып, дүрбелеңге салған кісіден өндіріледі. Оның үстіне қанша жанның құр бекерге уақытын алып, шаршап-шалдығуға ұрындырып, бойларына үрей, ойларына қорқыныш ұялатып, жүйкесін жұқартып, қанша адамға моральдық жақтан зиян келтірді десеңізші. М.М ұсталғаннан кейін өз өкінішін білдірген. Кәмелетке толмаған жас балаларының бар екендігі ескеріліп, ҚР Қылмыстық кодесінің 273-бабымен кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 2017 жылы 17 шілде күні сағат 22.05 шамасында ҚІІБ Жедел басқару орталығының «102» нөміріне «Қаладағы «Самал» шағынауданында орналасқан «Зиба» сауда және ойын-сауық кешені ғимаратының жертөлесінде бомба бар. 4-5 минуттан кейін жарылады» деген суыт хабар келіп түседі. Тағы қарбалас пен дүрбелең басталады. Дүкенде сауда жасап, ойын-сауыққа жас балаларын әкеліп тамашалап, демалып жүрген тұрғындар мен қала қонақтары түгел сыртқа шығарылып, аулаққа апарылады. Қоғамдық тәртіп сақшыларынан бастап, құтқарушылар, «Жедел жәрдем» стансасы, №13 өрт сөндіру бөлімі, газ, тоқ мекемелерінің басшылық қызметкерлері мен мамандары тік аяқтан, халықты төтенше жағдай қаупінен қорғауға сақадай сай тұрады. Дегенмен осы жалған хабарды хабарлаған 1986 жылы Түрікменстан Республикасы Балқан облысында туылған, бүгінде Жаңаөзен қаласы «Шаңырақ» шағынауданында тұратын отбасылы, орта білімді, жұмыссыз, бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы С.М басқаларға қарағанда «ақылдырақ» болып шығады. С.М басқалар сияқты ішкі істер органдары қызметкерлеріне өзін сабылтып іздетіп, әуреге салмай-ақ полицияға өзі келіп, қылмысын мойындап, кешірім сұрайды. Сол оқиға болатын күні ішкен екі бөтелке сырасының «буымен» отбасындағы қиыншылықтарға байланысты, әйелімен ренжісіп, бөлек тұрып, күйзеліске түсіп жүргенін түсігін қалдырмай баяндайды. Сосын қиындықтан құтылу үшін жалған хабарлағанын айтады. Сөйтіп өзі хабарлаған «Зиба» сауда және ойын-сауық кешеніне қарай қиқулата ағылған полиция, өрт сөндіруші және «Жедел жәрдем» қызметі автокөліктерінің бара жатқанын көргенін айтады. Сол сәтте қылмыстық іс жасағанын түсініп, кінәсін мойындап, полицияға өз еркімен келіп, өз қылығына өзі өкінетінін айтып, кешірім сұрайды. Мұны басты сот талқылауында да еске түсіріп, шын ниетпен өкінетінін білдіріп, отбасылық жағдайын ескеріп, бас бостандығынан айырмайтын жаза қолдануды сұрайды. Иә, «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді» дейді. Бірақ өкінгенмен пайда жоқ. Қылмыстық істі жасамастан бұрын ойлануы керек еді. Отбасылық қиыншылықтарды ертерек ақылға салғанда болар еді. Кез келген мәселенің тиімді немесе қиындықсыз шешілу жолдарын ата-ана және өмірлік жолдасымен ойласып, пікірлесіп, ақылдасып қарастырғанда мүмкін мұндай жағдай болмас па еді. Себебі, қазақтағы «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бекерден-бекерге айтылмаған. Сондай-ақ, адам пендесіне ата-анадан жақын ешкім жоқ. Олар пайдаңды айтса айтады дағы, ешқашан зияныңды айтпайды. Солармен тиянақты ойласқанда, айтқан ақылдарына құлақ салғанда, бұл өмірде ешқандай шешілмейтін мәселе болмайды. Ажалдан басқаның бәрінің шешілу жолдары табылады. Бірақ С.М үшін бәрі тым кеш еді. Өйткені, заң – баршаға ортақ. Заңның алдында жұрттың бәрі тең. Оның ойланбай істеген ісінің кесірінен қаланың қанша адамының көңіліне қаяу түсіп, қорқыныш ұялап, санасында үрей пайда болды. Сауда орнының кәсіпкер иесі қаржылай қанша зардап шекті. Жалған хабардың жетегіне ерген қаншама мекеме қызметкерлері мен халықтың қауіпсіздігін қорғауға қатысқан техникаларға материалдық және моральдық тұрғыда зиян келді. Осының бәрін таразыға тартып, сараптаған қалалық сот С.М-ды 2 жыл мерзімге бас бостандығын айыруға Қазақстан Республикасының атынан үкім шығарды. Жаңаөзенде телефон терроршылары мұнымен де тыйылмады. Бұл жаман әдет індетке айналғандай өткен жылдың 8 қарашасы күні тағы қайталады. Мұндағы оқиға да дәл алдындағылар сияқты өрбиді. 1998 жылы Маңғыстау облысында туылған, білімі орта, жұмыссыз, бұрын сотталған, Жаңаөзен қаласы, Қызылсай ауылының тұрғыны І.Р екені анықталады. Ол сол 8 қараша күні сағат 16.58 шамасында, алкогольден масаң күйінде, «Өркен» шағынауданындағы «Жаңаөзен» сауда, ойын-сауық кешені ғимаратында бомба бар» деп «102»-ге хабарлайды. Бірақ өзінің аты-жөнін айтпайды. «Жасырынбас жаман ат, ақыр бір шығар білініп» дегендей бұл жігіттің де ақылы сәл кештеу кіреді. Әлгі сауда орталығына қарай қиқу салған «101», «102», «103», «104» қызметтерінің арнаулы мәшинелерінің шұғыл бара жатқандарын өз көзімен көріп тұрады. Бүкіл елді дүрліктіріп, терроризм актісі бойынша қасақана қылмыс жасағанын түсінеді. Полицияға өзі барып, жасаған қылмысын мойындайтынын айтып және оған өкінетінін білдіріп, мекемелер мен тиісті органдарға келген мүліктік зияндардың орнын толтыратынын, сол үшін отбасылық жағдайын ескеріп, бас бостандығынан айырмай жаза беруін өтініп сұрайды. Осындай шалыс басқан қадамдары мен өтініштерін ескере отырып сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес кінәлі деп танып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарады. Жалпы жанықастық Жаратқанның да жанын жабырқатады, жігіттер. Күйзеліске түсіп, өзіне-өзі қол жұмсауды, өзіне-өзі де, өзгеге де қастандық жасауды Құдай да, Құран да қолдамайды. Ал заң жүзінде ауыр қылмыс болып есептеледі. Кейбіреулер «Қоғам қатыгез болып кетті» деп жатады. Ал екінші біреулер «Қоғам емес, адам қатыгез болды» дейді. Ақиқатын айтқанда, екеуі де біріне-бірі тығыз ұғым. Өйткені қоғамды өзгертуші күш – ілім мен білім. Яғни ғылым. Сол ғылымды жасайтын да, іске асыратын да – адам. Сондықтан адам баласы тек өзінің қара басының қамы үшін емес, қоғам үшін еңбектенуі, қызмет етуі тиіс. Яғни әрбір адам ата-анасы, перезенттері мен немере, шөберелері, келешек үрім-бұтақтары үшін өмір сүрулері керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырыңда кісі қызығарлықтай, жұрт үлгі аларлықтай, жақсы да жағымды, жайдары да жарасымды із қалуы қажет. Сен сонда қоғам үшін қызмет еткен болып есептелесің. Атыңды келешекте үрім-бұтағың ардақтап жүрсе, есімің ел есінен өшпейді. Сонда ғана сен Жаратқанның жанын жабырқатпай, өмірден өткен ертедегі ата-бабаларыңның рухын шаттандырып, бүгінгі және келер ұрпағыңның шексіз құрметіне ие болып, мақтанышына айналасың. «Екі дүниең абат болсын, екі тойың қабат болсын!» деген халық даналығы, үлкендердің тілегі осындайдан айтылса керек. Сондықтан жақсы өмір сүруге, қамшының сабындай қысқа ғұмырыңды қызықты, мәнді де мағыналы, сәнді де мазмұнды өткізуің керек. Бұл – тек ғана жалғыз өзің емес, барша ата-бабаңның рухы, сені өсіріп, тәрбиелеп, қатарыңнан кем қылмай, кемеліңе келтірген ата-анаңның құрметі үшін, сондай-ақ бүгінгі ұл-қыздарың мен үрім-бұтағыңның нұрлы келешегі үшін. Әсіресе ата-анаңның ақ батасы кез келген қиыншылықтардан, кез келген уақытта қорғауға қауқарлы. Ал керісінше олардың қарғысын алсаң, кегежең өмір бойы кері кете береді. Өйткені, халқымызда «Әке қарғысы – оқ, шеше қарғысы – боқ» деген сөз бар. Шешең қанша қарғаса да, перзентіне жамандық тілемейді. Осыны естен шығармайық, ағайын! Міне, біздің айтпақшы болған ең негізгі мәселеміз – осы.
Махамбет ТОЛТАНОВ, Жаңаөзен қалалық сотының судьясы.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, «Маңғыстау» газетінің меншікті тілшісі