©
Қас пен көздің арасында денсаулық бұзылып, жан алқымға келгендей күй кешкен кезде әркімнің де жадына бірден жедел жәрдем түспей ме? Жедел жәрдем шақыртқаннан кейін ары кетсе, 10-15 минуттың өзі сағаттай көрінеді. Ал күндіз-түні дамылсыз дабылмен жұмыс істеп тұрған Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясына өткен жылы 83 560 шақырту түскен.
Жедел және шұғыл медициналық көмек станциясында аяқ асты ауырып қалған, түрлі жарақат алған науқастар өздері аяқтай барып, алғашқы медициналық көмек алатын бөлімше бар. Бір жылда бұл бөлімшеде 624 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілсе, мамандар 82 936 шақыртуға барған.
Станцияға түскен шақыртулардың 3 065-і — алуан түрлі жарақат алғандар. Олардың арасында жол-көлік оқиғасынан да, тұрмыстық және басқа жағдайлардан да жарақаттанғандар бар.
Жедел және шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігерлер 19 496 науқасты ауруханаға апарып, бұлардың 7 211-і стационарға қабылданды. Ал 678 адам жедел көмек жеткенше көз жұмған. Өкінішке қарай, олардың алтауы — 15 жасқа толмаған балалар.
Қалалықтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жүрген жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының директоры Болат Тайшыбаевтың айтуынша, станцияда кәсібін жетік меңгерген мамандар жеткілікті, арнайы бригадалар да толық қамтылған. Биыл бұл қалалық мекеме облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясына ауыспақ. Қазір оның құжаттары тиісті органдарда қаралып жатыр. Тіркеу шаралары сәтті аяқталып, облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы жұмысына кіріскен кезде 103-ке түскен дабыл 3 секундта науқасқа жақын жердегі станцияға ауысады және өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарындағы жедел және шұғыл медициналық көмек станцияларының жұмысын жетілген техникалар көмегімен бақылап отыруға мүмкіндік болмақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА