©
Таяуда Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының жылжымалы отырысы өтті.
Отырысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2018 әскери бөлімі, ішкі істер департаменті, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында «Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың Қазақстан Республикасының аумақтық суларына «теңізіне) және ішкі суларына шығуына рұқсаттамалар беру» және «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері қаралып, Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының есебі тыңдалды.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан реформалық өзгерістер нәтижесінде қызмет сапасының да жақсарып келе жатқандығы белгілі. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданып, мемлекеттік қызметтің тізімі, стандарттары мен көрсету тәртібі белгіленді. «Электрондық үкіметтің» енгізілуі, қызмет көрсету мерзімін қысқарту, құжаттарды ықшамдау бағытында да атқарылуға тиісті жұмыстар аз емес. Әрине, ағын уақытпен бірге талап та, талғам да оңды, тиімді жағына қарай өзгеруге тиіс. Осы ретте талқылау институттарының жұмысын жандандырудың, қызмет көрсетушілердің есебін тыңдаудың, қызмет көрсету сапасына мемлекеттік бақылау мен тәуелсіз қоғамдық мониторинг жүргізудің маңызы айрықша.
Отырыста «Маңғыстау облыстық Азаматттық альянсы» заңды тұлғалар бірлесітігінің жоба үйлестірушісі Гүлден Аубакирова тексеріс, сауалнама қорытындысы бойынша жасалған жұмыс нәтижесін жария етті. Балықшылар шағын кемемен байланысты қызмет көрсететін кәсіпкерлер ұлықсат алуы үшін ҰҚК шекара қызметінің 2018 әскери бөліміне баруға, онда алтын уақыттарын жоюға, қабылдауға тиісті адам болмай кейде қайта-қайта баруға мәжбүр. Осы мәселемен тікелей айналысатын арнайы бекітілген маманның жоқтығы да көп іске қол байлау болуда. Қызметтің стандартқа сай көрсетілмейтін фактілері анықталып отыр. Қызмет пайдаланушы қажетті құжаттарын тапсырғаннан кейін керекті қағазын 20 жұмыс күні ішінде алуға тиіс десек те, іс жүзінде оның мерзімі 1-1,5 ай ға созылып кететін жағдайлар жиі кездесуде. Көлік бөліміндегілерден келісім алу ұзақ уақытты алады. Кемені туризм мақсатында қолданушы кәсіпкерден серуендейтін адамдардың аты-жөні алдын-ала талап етілуі де қисынға келмейді. «Шекара қызметі қауіпсіздік қызметіне қараса да, сол қауіпсіздік комитетінен, ішкі істер органынан, әкімшіліктен, табиғатты қорғай мекемесі сияқты 5 мекемеден құжатқа қол қойдыруымыз керек. Бұл жерде әкімшілік, қауіпсіздік комитеті келісімін алып тастаған, жалпы керекті мәліметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша алған дұрыс болар еді» дейді кәсіпкерлер. «Балық аулау маусымы кезінде құжат жинақтап жүргенде уақыт өтіп кетеді. Сондықтан көктемді күтіп отырмай бұл істі қысқы мезгілде бітіріп қойса қайтер еді». Бұл қызметті электрондық форматта алуға мүмкіндік болмай тұрғаны тағы рас. Басқосуда осындай келеңсіздіктер сөз болып, оны шешудің жолдары жайында ұсыныстар айтылды. 2018 әскери бөлім өкілі осы іспен айналысатын арнайы маман бөлінетіндігін жеткізді. Сөз болған кемшіліктерді ретке келтіру алынған шаралар жайында ведомстволық топтың алдағы отырыстарында хабардар етілетін болды.
Облыстық Азаматтық Альянс «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша қоғамдық мониторинг жүргізгендігін жоғарыда айттық. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен стандарт бойынша құжат тапсырушыға жауап 1 жұмыс күні ішінде берілуге тиіс. Құжат тапсыру үшін ең ұзақ күту мерзімі 30 минут, қызмет көрсетудің ең ұзақ мерзімі 30 минут екендігі белгіленген. Порталға хабарласқан күннен-ақ мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет түрінің қағаз және электронды түрде екендігі де нақтыланған.
Десек те нәтиже көрсеткендей бұл өлшем облыс емханаларында сақталмай отыр. Сауалнамаға қатысқан 175 респонденттердің (160 жеке тұлға және 15 қызмет көрсетуші) пікірін негізге алғанда көрсетілген қызметке көңіл толушылық (10 балл бойынша) 6,6 балдық мөлшерде болып отыр. Өтініш білдірген және қызмет көрсетілген респонденттердің 43 пайызы кезек жоқтығын, 40 пайызға жуығы 15 минуттан артық күтпегендіктерін, 20 пайызы ұзақ уақыт кезекте тұруға тура келгендіктерін айтқан. Әсіресе Мұнайлы ауданындағы, Бейнеу селосы мен Жаңаөзен қаласындағы емханаларда кезектің ұзақ мерзімге созылатындығы белгілі болды.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты бойынша құжаттар тапсырғаннан кейін 1 жұмыс күні ішінде мәселе шешілуге тиіс. Десек те респонденттердің басым көпшілігі амбулаторлық карта, 086 форма анықтамасын, кей жағдайларда тіпті бұрын тіркелген емханаларынан құжаттар тапсырып жүріп, 2-3 күн уақыт кететіндігін айтып отыр. Сұрау барысында белгілі болғандай, респонденттердің 59,7 пайызы мемлекеттік қызметтің онлайн, E-GOV порталы арқылы көрсетілетіндігін білсе де пайдаланбаған, тек 14,5 пайызы портал қызметін қолданады, ал 17,7 пайызы тіпті онлайн сервистің бар екендігінен хабарсыз.
Сұрау салу нәтижесі көрсеткендей, республика азаматы емес, маусымдық жұмыстарда жүргендер қызмет пайдалануға өтініш білдіреді, бірақ жергілікті емханаларға тіркелмейді. Дегенмен шұғыл қатерлі жағдайларда жедел жәрдем қызметін пайдаланады. Сондай-ақ 65 жастан асқандар, әсіресе, гинекологиялық байқаудан, скрининг бағдарламасы бойынша тексерістен моралдық, психологиялық және физикалық тұрғыдан қиындықты желеу етіп, өткісі келмейді. Ауру белгісі анықталған сырқаттар одан әрі нақтырақ тексерілуі үшін Ақтауға баруға тиіс. Бірақ сол жолдамамен облыс орталығына келген адамдар қосымша анализ тапсыру үшін ақылы медициналық мекемелерге жіберілетін фактілер анықталып отыр. Бұған әрі-бері жолдың, көліктің шығынын қосыңыз. Әрине, бұл олардың ренішін туғызып жүр. Сондай-ақ әйелдердің зейнет жасының өсуі де медицина қызметкерлеріне оңай тимейтін тәрізді. Педиатр дәрігерлердің жетіспеушілігі тағы бар. Діни сеніміне байланысты екпеге қарсылық білдіретіндер саны да өсіп отыр. Стандартта көрсетілмеген құжаттарды сұрату фактілері анықталды. Тіркеу бөлімі қызметкерлерінің ішінде мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты талаптарды білмейтіндер бар. Сондықтан алдымен осы мақсатта медицина қызметкерлерін оқытуға, электронды қызмет көрсету біліктілігін көтеруге баса мән беру керек.
Ведомстволық жұмыс тобының отырысында Маңғыстау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бойынша 2017 жылдың 11 айында көрсетілген мемлекеттік қызметтер жайы сөз болды.
Қазіргі таңда департаменттің атқаратын функцияларына қоғамдық денсаулық сақтау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын және медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау, халыққа өткізілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер бойынша техникалық регламенттер мен нормативтік құжаттарда белгіленген талаптардың сақталуы, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және органикалық өнімдердің өндірісі және денсаулық сақтау аясындағы стандарттарды бақылау-қадағалауды жүзеге асыру. Баяндамашы келтірген деректі келтірсек, мекемедегі құрылымдық өзгерістерден кейін көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны 13-ке жетті, оның ішінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны - 7, медициналық қызмет саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны - 6 десек, қоғамдық денсаулық сақтау комитеті бойынша 4-еуі көрсетіліп отыр. Өткен жылдың 11 айында мемлекеттік қызметтер көрсетуге түскен өтініштер саны - 5062, оның ішінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласы бойынша - 1762, медициналық қызмет саласы бойынша - 3300. Келіп түскен 5062 өтініштің 4069-ына (81%) рұқсат құжаттары берілген, ал мемлекеттік қызметтер көрсетуден дәлелді бас тартулар саны 993 (19%) болды.
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мамандары Ақтау қалалық, Қарақия, Бейнеу аудандық басқармаларында мемлекеттік қызметтер көрсету саласына тексеру жүргізіп, 5 маманға тәртіптік шара, Бейнеу аудандық басқармасының басшысына әкімшілік шара қолданып, 150 АЕК айыппұл салынды. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру бойынша 7 түсіндіру шарасы өткізіліп, 153 адам қамтылды, - деп Маңғыстау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Куркешбаева мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде көрсету мақсатында қолға алынып жатқан шаралардан хабардар етті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысы орынбасары, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы Ерлеген Мендалиев айтылған сын-ескертпе, пікірлерді елеп-екшеп, таразылып, шарасын алу, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасау, қызмет сапасын арттыру, жоғары тұрған органдарға кейбір нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жолдау қажеттігін атап көрсетіп, ведомствоаралық жұмыс тобының отырысын қорытындылады.
Болат ҮМБЕТОВ