©
Ақтау перинаталдық орталығы соңғы бірнеше жылда егіздердің дүниеге келуінен рекорд жасады.
2014 жылы Ақтау қалалық перинаталдық орталығында 10 егіз өмірге келсе, 2015 жылы 15 егіз жарық дүние есігін ашқан. Ал 2017 жылы перзентханада 41 егіз дүниеге келген. Мамандардың айтуынша, бұл орталық жұмыс істеп келе жатқан 8 жылдың ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Егіздердің 56-сы қыз болса, қалған 26-сы ұл.
Дәрігерлер жылдан-жылға бала туу саны да артып келе жатқанын айтады. 2016 жылы 5837 сәби дүниеге келсе, былтыр бұл орталықта 5931 нәресте өмірге келіпті.
Оған қоса, Ақтау қалалық перинаталдық орталығының тағы бір жетістігі – Маңғыстау облысы бойынша «Жылдың үздік ауруханасы» атануы.
«Бұл – біз үшін күтпеген сый болды, дәрігерлер мен орта мединицалық қызметкерлердің біліктілігі мен тәулік бойғы тынымсыз еңбегінің бағалануы», – дейді Ақтау қалалық перинаталды орталығының директоры Ғалия Махимова.
Осы жылы орталық бұған дейін облыстық перинаьалдық орталық орналасқан ғимаратқа көшеді. Мұнда келушілерге арналған орын саны да көбейтіліп, дәрігерлер штаты кеңейтіліп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынатын болады.
«Бұған дейін кадрлардың жетіспеушілігі болған. 2014 жылы осында келгенімде сегіз дәрігер жұмыс жасаған еді. Әсіресе, түнгі ауысымда қиын болатын. Кейде емханалардан маман тартатынбыз. Осы жылдар ішінде жаңа кадр алу бағытында жұмыс жасап, биыл орталыққа Алматы, Астана мен Ақтөбедегі медициналық институттарды тәмамдаған үш жас дәрігер келді», деп атап өтті ол.
Оған қоса екі дәрігер қазір қалалық перинаталдық орталықта тәжірибеден өтіп жатыр. Қазіргі күні орталық кадрмен 84 пайызға қамтылған.
Ольга РУДАКОВА