©
Жаңа жыл басында аймақтарды аралауға шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мансұрхан Махамбетов, Тарас Хитуов, Әлия Сапарова, Наталья Жұмаділдаева өңірімізге келді. Халық қалаулылары Ақтау теңіз сауда портының, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың арыз- шағымдарын тыңдады.
Ақтау халықаралық теңіз сауда портының ұжымымен өткен кездесу жиынында халық қалаулылары Парламент Мәжілісінде қаралған заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындаласынан хабардар етті.
– Парламент Мәжілісінің жұмыс кестесіне сәйкес өңірлерді аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, талап-тілектерін, арыз-шағымдарын тыңдауды бастадық. Маңғыстауға келгелі бері еңбек ұжымдарымен кездесіп, канализациялық тазалау стансаларын көрдік. Өткен жылы Парламент Мәжілісіне 54 заң жобасы түсті. Бұл заң жобалары талқылаудан өткеннен кейін Сенатқа жіберілді. Елбасы Н.Назарбаев 22 заңға қол қойғаннан кейін күшіне енді. Мәселен, Мәжіліс қабырғасында елімізде этносаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елімізде алғаш рет кинематография туралы заң жобасы қаралады. Сондай-ақ салық саясатын оңтайландыру, банк қызметтерін жетілдіру, кәсіпкерлікке жағдай жасау, азаматтарды сақтандыру, әлеуметтік қорғауды дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бізде қаралған кеден туралы заңды сенатқа жібереміз. Мәжіліс қабырғасында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заңнама қарастырылуда. Депутаттық корпус елімізді қолжетімді, қауіпсіз, сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін, баға өсімінің алдын алатын шаралар қабылдайды. Елбасы Н.Назарбаев құқық қорғау саласындағы реформаларды жетілдіріп, қылмыстық үдерістерді жаңа деңгейге шығарып, құқық қорғау органдарының жұмысын халықаралық стандарттарға шығару туралы тапсырма берді. Бұл бағытта да жұмыстанамыз. Бизнес ортаны жақсартуға, бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға, кедергілерді жоюға бағытталған заң жобасына түзетулер енгізіліп, жуырда Мемлекет басшысы қол қойды. Біз заң жобасынан басқа мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқанын бақылаймыз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тарас Хитуов.
Кездесу барысында порт қызметкерлері тарапынан «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы арқылы пәтер алудың қиындығы, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу, несие төлеу туралы сұрақтар қойылды.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-да өткен жиында да халық қалаулылары Парламент Мәжілісінің сессияларында қаралған заң жобаларын таныстырып өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өңірде газ бағасын көтерілуі, Атырау – Астрахань жолын күрделі жөндеу, ЭКСПО қалашығының орнына қандай нысандар салынатыны туралы сұрап, жастарды үйге күрделі жөндеу жұмысына машықтандыру жөнінде ұсыныс айтты. Бұл сауалдарға жауап берген депутаттар Атырау – Астрахань бағытындағы жолды жөндеу жұмысы биыл басталатынын жеткізді. ЭКСПО қалашығында «Нұр әлем» музейі қайта ашылғанынан, қалашықта бірнеше ойын-сауық орындары пайдалануға берілгенін, халықаралық қаржылық орталығы жұмысын бастайтынын айтып өтті. Тарас Хитуов депутаттық корпус газ туралы заң жобасы қарайтынын, баға реттелетінін хабарлады. Жастарды үйге күрделі жөндеу жұмысына машықтандыру туралы ұсынысқа жауап берген депутат Наталья Жұмаділдаева қазіргі таңда жастардың жұмысшы мамандықтарды меңгеруге құлқы жоқ екенін, оқытатын топтарды толықтыру қиынға соғып отырғанын жеткізді.
Халық қалаулылары еңбек ұжымдарымен кездескеннен кейін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Ақтау қаласының тұрғыны Қарлығаш Әбішева қызына зорлық көрсеткен қылмыскердің жауапкершілікке тартылмағанын айтып, тиісті жазасын өтеуі үшін көмек сұрады. Кәсіпкер Вахид Гулиев «Дискай» ойын-сауық орталығының жанындағы жерін өз меншігі болса да иемдене алмай жүргендігін жеткізді. Қоғамдық қабылдауға келген Ерсайын Боранов Сыбайлас жемкорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті ұлының көлігінің сатқан ақшасын және тағы да басқа қаржысын алып кеткенін, ұлдарын негізсіз қамап тастағанын айтып көмек сұрады. Үлескер болған Қорғанбай Молақбаев баспанасының ақшасы толық төленсе де әлі күнге дейін ала алмай жүргенін жеткізді. Ольга Аққұлова 33 шағындаудандағы алған пәтердің сын көтермейтінін, бұл туралы құзырлы орындарға шағымданғанса да ешқандай нәтиже жоқтығын алға тартты.
Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаған депутаттар мәселелердің шешу жолдарын айтып, құқықтың кеңес берді. Халық қалаулылары алдағы бір апатада аудан-ауылдарды аралап, тұрғындармен кездеседі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Тағы оқыңыз: Кекілбаев дүниеге келген Онды ауылының бүгінгі келбеті жайлы