Жаңаөзен қаласының «Шұғыла» шағынауданындағы №11 үйдің баспалдағы жертөлеге опырылып түсті. Оқиға 27 желтоқсан күні сағат 18:00 шамасында болған. Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, бұл 4 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй 1978 жылы салынған.
Баспалдақ құлаған кезінде осы үйдің 43-ші пәтерінің тұрғыны зардап шегіп, жедел ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласының ауруханасында жарақатталуына байланысты ота жасалды, науқас бір қалыпты.
Оқиға орнына қала әкімінің тапсырмасымен мекеме басшылары барып, аумақ қоршалған. Аталған құзырлы органның хабарлауынша, баспалдақты қалпына келтіру жұмыстары басталды.