Осыдан біраз уақыт бұрын Ақтау қаласынан әуежайға барар жолда жаңа көлік базары бой көтерген болатын. Базар көлік сатуға және сатып алуға ниетті жандар үшін заманауи үлгіде жабдықталған. 4 Га аумақты қамтитын орында тұрақ тегін әрі тұтынушыларға қажетті нысанның барлығы дерлік қамтылған. Ал бұған дейінгі көлік саудасына арналған "Автодом" ББС маңындағы базар 1 Га аумақты құрайтын. Облыс әкімінің өткен аптада қаладағы нысандарды аралауы кезінде Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы Ерұлан Кенған аталған базарға көліктер сыймай, тарлық қылатыны жөнінде тұрғындардан жиі шағым түсетінін айтқан болатын. Бұл туралы МО әкімінің баспасөз қызметі хабарлаған еді. Біз де бұл жағдайды ескере отырып, мәселені назардан тыс қалдырмай, көлік базарына барып қайттық.
Біз барғанда көліктердің басым бөлігі базар сыртынан орын теуіпті. Олардың қарасының көптігі базар алдынан жол жиегіне дейін кептеліс туындатқан. Мұның себебін сол жерде тұрғандардан сұрап көрдік.
«Мұнда көлігімді сатуға келдім. Орын жоқ болған соң, сыртқа жол жиегіне қойдым. Әрлі-берлі көліктер өтіп жатыр, қағып кете ме деп оған да алаңдайсың. Базардың ішіне қояйын десең бәрі бірдей сыймайды және әр кіріп-шыққаныңа ақша алады. Мәселен, мен күнде келемін, әр кірген сайын төлеуім керек. Сондықтан 2-3 аптадан бері сыртында тұрмын. Шындығын айтқанда ыңғайсыз. Меніңше, көлік сататын базар қаланың ішінде емес, шет жақта ашық жерде орналасу керек. Қала шетіндегі базарға барып көрдім. Бірақ ол жерді ешкім білмегендіктен бармайды екен», - дейді көлік сатушы Оңайбек.
Мұндағы халықтан жаңа базар туралы сұрағанымызда бір қатары ол туралы естімегендігін айтты.
- Жаңа базарға барып көрмеппін. Үйренген жер болған соң осында келеміз. Оның үстіне қаланың ішінде орналасқан. Бірақ ыңғайсыз, жоғары вольтті сым, жылу магистралі жүріп жатыр. Қауіпсіздік үшін көліктер рет-ретімен тұруы керек, ал мұнда сәл басқаша. Жаңа базарға ауысу үшін біраз уақыт керек сияқты, - дейді Мақсат есімді сатып алушы.
Жаңа орынға сатушылар барғанымен, сатып алушылардың көпшілігі хабарсыз болып шықты. Біз жаңа базарға барып, ондағы жағдаймен де жақын танысуды жөн көрдік.
Базарға 1000 көлік емін-еркін сыйып кетеді. Базар аумағына көліктердің кіріп-шығуы үшін ақы алынбайды. Базар өкілдерінің айтуынша, көлік сатушы үшін де, сатып алушы үшін де өте қолайлы жағдай жасалған.
«Бұл жердің жалпы аумағы – 4 Га. Оның 1 Га бөлігінде 96 бутик орналасқан. Олар – бір уақытта мыңғы жуық адамға қызмет ете алатын кафе мен техникалық жөндеу, автобөлшек сату орталықтары. Сатушылар мен сатып алушыларға қызмет көрсететін нотариус, банк, автоЦОН (автокөлік иелері үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы) өкілдеріне арналған кабинеттер де дайын тұр», - дейді көлік базарының әкімшісі Бердібай Ізбаев.
Оның айтуынша, халық бұл жердің ашылғанынан құлағдар. «Біз бірнеше рет ұтыс ойнаттық. Дегенмен үйренген орыннан бері көше алмай келеді. Сатушылар осында келгісі келгенімен, сатып алушылар бұрынғы базарға үйренген, сол жерді ғана біледі», - дейді ол.
Атап өтерлігі, бұл сауда орнында сатып алушылар мен сатушылардың қауіпсіздігі қарастырылған. Базар толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған және күндіз-түні күзетші тұрады. Сондай-ақ санитарлық-гигеналық талаптар сақталған. Базар басшылығы тазалыққа баса мән берген.
Бұған дейін мұнда 400-ге жуық көлік жиналыпты. Жалпы көлемі 1000 көлікке есептелген аумақты орталық өкілдері қажет болған жағдайда кеңейтуге де әзір.
/Жарнама құқығында/
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45480,45494,45489,45493,45492,45491,45490,45483,45488,45486,45485,45484,45481"]