Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов тоққа түсіп, екі қолынан айырылған 11 жастағы Балғынбек Бахтиярдың отбасына пәтер кілтін табыстады. Олардың қуанышымен бөлісіп, құттықтауға арнайы Олимпиада жүлдегері Әділбек Ниязымбетов те келді.
Балғынбектің жанұясында барлығы 8 бала бар. Олар осыған дейін Бейнеу ауданында апаттық үйде тұрған. Көп балалы отбасында жуырда ғана үшем дүниеге келді.
- Балғынбектің ем алуы үшін әкесі Балғазы Серікбаев Ақтау қаласына пәтер жалдап, уақытша тұруға мәжбүр болған. Ол баласының жағдайын айтып, облыс әкімінің жеке қабылдауына 2 ай бұрын кірген екен. Ал Ералы Тоғжанов барлық көмектің жасалатынын айтты, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Балғынбектің әкесі аймақ басшысына және Балғынбектің тезірек жасанды қол салып, қатарға қосылуы үшін қаражат жинауға көмектескен халыққа алғысын айтты.
Еске сала кетейік, бұл қайғылы оқиға осыдан екі жыл бұрын Бейнеу ауданында болған. Ауылдағы трансформатрдың айналасында ойнап жүрген 11 жасар Балғынбек тоққа түсіп, екі қолынан айырылды. Ауыр жарақаттың салдарынан дәрігерлер жарамсыз болып қалған екі қолын кесіп тастауға мәжбүр болды.
Балғынбектің ата-анасы мен туыстары ұлының қолына протез салуға қол ұшын созуға қайырымды жандардан көмек сұрап, еміне қажетті қаражат жинады. 2018 жылдың қаңтар айында Ресейдің дәрігерлері Балғынбекке жасанды қол салып бермек. Одан кейін Балғынбек оқуын Ақтауда жалғастырады деп үміттенуде.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45343,45342,45344"]