Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкедегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау-сақтау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары М.Сқақов, облыстық басқарма басшылары, жергілікті компаниялар жетекшілері қатысты. Алдымен өңірлік мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пания Оңалбайқызы табиғи-мәдени мұраларды сақтау-қорғау жұмыстарының барысы жөнінде баяндады.
«Өңір аумағындағы 86 тарихи-мәдени ескеткіштің қорғалуын қамтамасыз ету жоспары жасақталған еді. Күні бүгінге дейін 35 ескерткіш аумағында қоғамдық жұмыстар жүргізілді. Тарихи-мәдени ескеркіштерді қоғамдық қамқорлықпен қамту жобасының екінші кезеңіне өз еркімен 20 қамқоршы мекеме қосылды. Алдағы уақытта қаулыға сәйкес тарихи-мәдени ескеркіштерді қорғау-сақтау жұмыстары жүйелі жүзеге асырылады. Сол мақсатта бұл іске барлығы 23 облыстық мәслихат депутаты, 7 қалалық мәслихат депутаты, 60 мемлекеттік мекемелер және 76 мемлекеттік емес ұйымдар жұмылдырылып отыр. Белсенді компаниялар өз істеріне бірден кірісіп, ескерткіш аумағын қоршап, қайта қалпына келтіру, тазалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар 20 мамыр «Еске алу» күні болып белгіленді. Осы орайда ата-бабамыз жерленген киелі қорымдарға баруға уақыт тауып, сенбіліктер мен тазалық іс-шараларын ұйымдастырған Маңғстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, экология департаментіне алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда тарихи-мәдени нысандарды қорғау қағидалары өзгертілді. Соған сәйкес ескерткіштің төрт жағынан қорғау тақталары орнатылмақ. Сол ескерілуі тиіс. Бұған қоса жол ескертпелерін қайта жаңарту назарға алынады. Жергілікті тұрғындар үшін жерлеу тәртібін ұйымдастыру, ежелгі қорымдардың маңайына жаңа қорымдарға арнайы жер телімін бөліп, оны белгілі бір ұйымға заңдастырып, ресімдеу қажеттігі аудан әкімдіктердің назарына беріледі. Бағзы қорымдардың тарихи көрінісін сақтау өте маңызды», - деді П.Сармурзина.
Жыл басынан бері облыс аумағында геологиялық барлау және тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, мемлекеттік қорғауда тұрған ескерткіштердің құжаттарын толықтыру, техникалық жағдайын бақылау мақсатында 5 зерттеу экспедициясы жүргізілген. Нәтижесінде 16 мәдени мұра анықталып, 36 ескерткіштің техникалық жағдайы тексеріліп, 523 нысанның инвентарлық нөмірлері жаңартылған.
Басқосу барысында аудан әкімдері орынбасарлары қоғамдық жұмыстар жай-күйіне тоқталып, жүйелі іс-шаралардың нәтижелері жөнінде есеп берді. Жиын соңында белсенді компаниялар арнайы «Алғыс хаттармен» марапатталды. Олардың қатарында «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы, «ММГ» ӨБ, «Қазтрансойл» АҚ БФ, «Тасболат Ойл», «Каспий Меруерт Оперейтинг» сынды ірі компаниялар бар.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Тағы оқыңыздар: Шетпе станциясынан 11 айда 20 мыңға жуық жүк вагоны жөнелтілген