Биыл 12-22 жас аралығындағы 450 маңғыстаулық «Жарқын болашақ» қайырымдылық жобасы аясында білім алады. Атап айтқанда, Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған ауданы мен Жаңаөзен қаласының білім алушылары осы жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Жарқын болашақ» жобасының үйлестірушісі Мейрамбек Закиров мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің сөзінше, жобаның басты мақсаты - жасөспірімдерді еліміздің алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарында оқыту болып отыр.
«Бұл жоба талапкерлерге үлкен мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында студенттерге жоғарлатылған шәкіртақы тағайындалады. Жатақханада тұру, оқу орнына дейінгі жол жүру шығындарын жабу мен ағылшын тілін қосымша оқып-үйренуге және жаңа орынға бейімделу кезеңінде оқушыларға қолдау көрсететін кәсіби психологтары бар жоба үйлестірушілерімен жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, оқу бітіргеннен кейін жастарды жұмыспен қамту көзделген. Былтыр жаңаөзендік 177 білім алушы жоба аясында оқуға қабылданып, бүгінде үздік оқушы қатарын көбейтіп келеді. Ал, биыл Жаңаөзен қаласына облыстағы үш аудан қосылып отыр», - деді Мейрамбек Закиров.
Сондай-ақ, спикер брифингте білім алушыларға қойылатын талаптар туралы айтып өтті.
«Ең алдымен талапкердің әлеуметтік жағдайына баса назар аударады. Толық емес отбасы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушы мен ерекше қажеттілікті талап ететін мүшесі бар отбасының өкілі болса, міндетті түрде қаралады. Ары қарай, талапкердің оқу ынтасы назарға алынады. Мамандығына басымдық беріледі. Өзге де ақпарттар мен құжаттар тізімін сайттан немесе @zharqyn__bolashaq әлеуметтік желідегі парақшамыздан қарай аласыздар», - деді Мейрамбек Закиров.