Өткен аптаның соңында жұрт арасында «Қызылсайда бір түйе құтырған», «ет алғанда абай болыңыздар» деген мәндегі халықты сақтыққа шақырған ақпарат тез тарап кетті.
1-2 күн ішінде бірнеше адам болжалды мәліметтен хабардар болды. Желідегі ақпаратқа сүйенсек, бұл оқиға Жаңаөзен қаласы маңында болған. Оның анық-қанығын білмекке құзырлы органдарға хабарластық.
- Осы жылдың 8 жалтоқсан күні Қызылсай ауылында бір бас түйе малы ауырған. Жергілікті ветеринар дәрігерлер қарап, құтыру ауруы болуы мүмкін деген күдікпен патологиялық материал алынып, зертханаға жіберді. Оның қорытындысы әлі шыққан жоқ. Малдың өлексесі сол жерде өртеліп жойылған. Бұдан өзге малдарда ауру белгісі жоқ. Жалпы бұл ауру малда жыртқыш аңдар тістеген жағдайда болады. Алайда аталмыш түйеде ешқандай тістеу белгісі байқалмаған. Мұндай ауру белгілері құтырудан басқа да кейбір мал аурулары мен азықтан уланудан да болуы мүмкін, - дейді МО Ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев.
Қазір зертханада малда құтыру ауруының болған немесе болмағандығы анықталып жатыр. Ал Қызылсай ауылы маңы зарарсыздандырылып, малға жаппай вакцина егу жұмыстары жүріп жатыр. Мұны Жаңаөзен қалалық ветеринария бөлімі де растап отыр.
- Өткен аптаның жұма күні сағат 16:00 шамасында Қызылсай ауылының тұрғыны хабарласып, түйесінің ауырып тұрғанын айтты. Біз барып тексердік, бірақ ешқандай құтыру белгілері анықталған жоқ. Мұндайда біз «күмәнді» деп атаймыз. Мал иесі қорыққан болуы керек, малды жоюымызды өтінді. Малда тістеу белгілері жоқ, ол мал да ешкімді тістемеген. Сөйтіп, ол түйенің басын Ақтау қаласына зертханаға жібердік. Зертхана бізге 1 ай көлемінде қорытындысын береді. Зертхананың қорытындысын алмай нақты диагноз қою мүмкін емес. Біз аумақтың барлығын зарарсыздандырдық. Екпе жұмыстары жүріп жатыр, - дейді Жаңаөзен қалалық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалия Сәулебаева.
Мамандардан желіде тараған ақпардағы «құтырған малдың еті сатылуы мүмкін» деген жолдардың да жауабын сұрадық. Олар ешқандай мал тексерусіз сойылып, сатылымға түспейтінін жеткізді. Басқарма басшысы:
«Сатылымға шығып кетті деген ол – қауесет. Оған ешқандай дүрлігудің, желі арқылы бір-біріне таратудың қажеті жоқ. Біздегі ет сатушылардың барлығының қолдарында ветеринарлық құжаттары бар. Базарлар мен дүкендердегі еттердің бәрі мал соятын арнайы орындарда сойылады. Онда ветеринарлар малды сояр алдында, сойған соң тексеріп қарап, қажет жағдайда, арнайы сараптамадан өткізіп, өнімнің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігі туралы анықтама береді. Мал етін сататын сауда орындарына мемлекеттік ветеринариялық қызметпен күнделікті бақылау жүргізіліп отырады. Ауру малдың етін таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Мұны мал иелері де, мал өнімдерін сатушылар да жақсы біледі» десе, Ғалия Сәулебаева тұрғындар ірі қара малының етін үйлерінде де тексерусіз сата алмайтынын жеткізді.
- Қазір ірі қара мал үйден сойылмайды. Арнайы орындарда ғана сойылады. Онда мал дәрігері, зертхана бар, солар тексерістен толықтай өткізеді. Ветеринариялық құжаттары мен малдың физиологиялық жағдайын, ауру белгілерінің болмауын, сондай-ақ еттің ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігін қарап барып, малдың немесе өнімнің иесіне анықтама береді. Ол арнайы портал арқылы жүзеге асырылады және осы арқылы жалған анықтама беру мүмкіндіктері толықтай жойылған. Бөлікке сойылатын мал болса да ол зертханадан өтіп, дәрігердің ветеринарлық анықтамасын алады. Қазір біз ірі қара мал тасымалының өзін жіті қадағалап отырмыз. Халық та соған үйренді, - дейді ол.
Сала мамандары мәлімдегендей, нақты қорытындыны зертхана жасайды.
Сондықтан өз бетімізше болжам жасап, шешім айтуға әзір ерте.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА