Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы - еліміздің әлеуметтік санасының жаңғыруының басты құралы. Бүгінге дейін атадан балаға мұра етіп қалдырылған ұлттық салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, сондай-ақ туған жеріміздің тарихын жаңғырта отырып, жастарымызға насихаттау - бүгінгі аға буынның еншісінде болмақ. Жастар керуенінің мақсаты да осы.
"Рухани жаңғыру - жастар керуені" өткен аптада жолға шықты. Жаңаөзен қаласынан бастау алған түрлі сала өкілдерін қамтыған керуен көші Мұнайлыға ат басын тіреді. Керуен мүшелерін мұнайлылықтар Қызылтөбе ауылдық округінің мәдениет сарайында ерекше әрі көтеріңкі көңілмен қарсы алды. Керуендіктер алдымен жастардың қарсы алуымен жүріп өтіп, бос орындар жәрмеңкесіне беттеді. Жәрмеңкеде қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер бар екенін, сондай-ақ жұмыссыз жүрген жандардың жұмысқа қалай орналаса алатыны жөнінде түсіндірме жұмыстарын тыңдап, әрі қарай қолдан жасалған құнды туындылар таныстырылды.
Ерекше робот жасаған оқушының жұмысымен танысып, тілектер айтылды.
- Жасаған роботым көздеген бір затты екінші жерге ауыстыру арқылы адамдарға көмегін тигізеді, - дейді Қызылтөбе лицейінің өнертапқыш оқушысы Айбек Әбдірахман.
Одан соң жиынға қатысушылармен "Жастар керуені" мүшелері еркін форматта сұхбаттасты. Кездесуді аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев ашып берді. Сөз алған Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Сүлейменұлы ең алдымен Мұнайлылықтарды он жылдық мерейтойымен құттықтады.
Кездесуге жиналған жастарға мемлекеттік бағдарламалар таныстырылып, «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласының мәні түсіндірілді. Арнайы спикерлер тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндік туралы кеңінен тоқталып, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Бейнеу аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы, Прайд алтын белбеу иегері, ережесіз жекпе-жектен Әлем чемпионы, джиу-джитсудан Қазақстан спорт шебері Шыңғыс Исламғалиұлы жастарға спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Өзінің спорттағы жеңіліспен жеңіс тапқан қызықты ойындар жайында кеңінен тоқталып,дүбірлі додолары туралы сөз қозғады.
Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелерінің басқармасы және Мұнайлы аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен кездесуде «Жаңа серпін» орталығы, «Даму қоры», Айти саласының мамандары, теологияжәне де әр түрлі бағыттағы өкілдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді.
Жиында мемлекеттік бағдарламалардың жастарға арналған тиімді тұстарын тәппіштеп, жеңілдетілген нұсқалары түсіндірілді. Мамандардың айтуы бойынша бүгінгі таңда жастардың жеке кәсіп ашып, өз өлкелеріне үлестерін қосуда мүмкіндіктер мол.
Жиын барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша "Тұрғын үй жинақ банкінің" менеджері Балияш Ақмолдақызы тиімді бағдарламалары жайында баяндады. Баспаналы болу әрбір жанұяның өзекті мәселесі болғандықтан, бас қосуға келген жастар бар зейіндерін қойып тыңдады.
Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жұлдыз Якупқызы елімізде дін мен дәстүрдің сабақтастығы, қазіргі таңда өңірімізде жат ағымдарға еріп кетудің алдын алу жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатқандығы жайында сөз сөйледі.
Шара Атамекен ауылында жалғасын тапты. Аудан әкімі Нұрлан Төлегенұлы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Сүлейменұлы және Маңғыстау облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің сарапшысы Бақтыбай Сәрсенбайұлын "Мұнайлының он жылдық медалімен" марапаттады.
Керуеннің басты мақсаты: жастарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты түсіндіре отырып, өзекті мәселелер аясында жастарға ақпараттық-әдістемемлік көмек беру.
Жастарды жігерлендіріп, болашаққа бағыт-бағдар беретін керуеннің жастарға берері мол деп білеміз.
З.Әбділ-Саттар
Суреттерді түсірген автор