©
Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жыл басынан бері 160 эпидемиялық маңызы бар нысандарды - қоғамдық тамақтану мен азық-түлік дүкендеріне тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 159 санитарлық ереженің бұзылғанын анықтаған. Инфекциялық ауру туралы шұғыл хабарламалар негізінде 244 қызметкер жұмыстан босатып, 113 айыппұл салынған. Бұл жайында Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсима Тұрдиева мәлімдеді. - Тексеріс барысында көбіне өнімді дұрыс таңбаламау, сақтау мерзімінің жарамсыздығы, өндірістік бақылаудың жоқтығы, нормативтік құжаттардың зертханалық зерттеулеріне сәйкес келмеуі сияқты санитарлық ережелердің бұзылғаны анықталды. Жалпы жыл соңына дейін 117 нысанға санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс жүргізу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері тұрғындардан 90-нан астам арыз-шағым келіп түсті. Олардың басым көпшілігі азық-түлік өнімдерінде сақтау мерзімінің бұзылуына қатысты болды. Қала тұрғыны тұтыну тауарларының сапасына немесе кәсіпорын ашу туралы кеңес алғысы келсе, 505-666 телефонына хабарласа алады,-дейді Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсима Тұрдиева. Биылғы жылдың мамыр айында жұмысын бастаған қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басты міндетіне-халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету жолымен қоғамдық денсаулықты сақтау, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың алдын алу, техникалық регламенттері мен нормативтік құжаттардың талаптарының орындалуын бақылау, қадағалау, медициналық қызметтердің сапалы көрсетілуін, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру және сату салаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету кіреді.Венера МИРЛАН
Көрнекі сурет сайттың архивінен