Жаңаөзендегі №1 қалалық емхана қызметкерлерінің қатары жаңа маманмен және жаңа құрылғымен толықты. Гүлшарат Қорабаеваның айтуынша, №1 емханаға алынған иммуноферментті анализатор аппараты бұрын-соңды қаланың ешбір ауруханасында болмаған. Аталмыш аппаратты тәжірибеден өткізіп, анализ талдауларын жүргізіп отырған №1 қалалық емхана алғашқы мекемелердің бірі екен.
Иммуноферментті анализатор құрылғысы – адам денсаулығын зертханалық тексеруден өткізіп, дұрыс диогноз қою үшін медицинада жұқпалы аурулар диагностикасында, аутоиммундық ауруларда, құрсақтағы жұқпалы ауруларды анықтауға кеңінен қолданылады. Иммуноферменттік талдау басқа әдістерге қарағанда жоғары өзге- шелігімен, сезімталдығымен, реакцияны өткізудің оңайлығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ иммуноглобулиннің әртүрлі класын анықтауда пайдасы зор.
2013 жылы ең алғаш Жаңаөзен қаласына отбасылық жағдаймен қоныс аударған қарағандылық Гүлшарат Қуанышқызы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде биология мамандығы бойынша оқуын тәмамдаған. Еңбек жолы Қарағанды қаласындағы №2 қалалық емханада басталған. 2014 жылы Жаңаөзен қаласындағы «Жалымбетов Қ» жекеменшік медициналық орталығында жалғасын тапқан. Қазіргі таңда Жаңаөзендегі №1 қалалық емханада лаборант-дәрігер қызметін атқаруда.
– Иммуноферменттік анализатар аппаратымен бүгінгі таңда гепатит В және гепатит С инфекциялық ауру түрлерін анықтап жатырмыз. Бұл құрылғымен жұмыс жасау өз тәжірибемде де және №1 қалалық емхана тәжірибесінде де алғаш рет болып отыр. ИФА құрылғысы сапа жағынан өте жоғары бағаға ие. Кез келген талдау жұмыстарында қате шығып, көрсеткіш сандары дұрыс болмаған жағдайда бірден белгі береді. Құрылғымен жұмыс істеу өз ісімізде де біраз жеңілдік туғызып отыр, – дейді жаңа құрылғы жайын- да айтып өткен лаборант-дәрігер Г.Қорабаева.
ИФА құрылғысымен тексеру жұмыстарын жүргізу №1 қалалық емханаға тіркелген азаматтар үшін тегін. Ал басқа ауыл-аймақтардан келген емделушілер үшін ақылы түрде қызмет етеді. Қазір аталмыш аппаратты гепатит В және С жұқпалы ауруларының белгілерін анықтау үшін қолданса, келешекте науқастарға қажетті барлық талдау жұмыстарын жасауды жоспарлап отыр.
Қаламқас АМАНҚОСОВА