©
Биылғы жылдың 9 айдағы нәресте өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туған балаға шаққанда 7,8-ді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,4%-ға азайды. Бұл жайында Маңғыстау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Журналистердің сауалдарына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева, облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Джариев, облыстық балалар ауруханасының директоры Камшат Тұрсынбекова, облыстық перинаталдық орталығы директорының міндетін атқарушы Жапырақ Епенова жауап берді. Клара Оралбаеваның айтуынша, аймақта мамандармен қамту мәселесі жолға қойылып келеді. Өткен жылы облыста 358 маман жетіспейтін болса, биылғы жылы өңірге 161 маманның келуінің нәтижесінде маман тапшылығы 197-ге дейін азайған. Оның ішінде аймаққа еңбек етуге 11 педиатр, 18 акушер-гинеколог, 5 анестезиолог-реаниматолог келген. - Денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселенің бірі-ана мен бала өлімін болдырмау және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің алдын алу. Осы бағытта іс-шараларды нақты жүргізу болып есептелінеді. Бұл бағыттардың барлығы денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүргізілуде. Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін бірқатар шаралар қабылданды. Оның бірі - биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілетін 150 төсекті өңірлік ана мен бала күтімі орталығы. Орталыққа құрал-жабдықтардың 70%-ы қойылды. Одан бөлек облыстық мамандандырылған балалар үйінің базасында балалар ауруларын кешенді басқару жөніндегі ресурстық орталық ашылды. Ақтау қаласындағы №1 емханада, Жаңаөзен қалалық №2 емханада «SOS қашықтан антенаталдық күтім» жобасы іске асырылды. Мамандардың білімін жетілдіру мақсатында биылғы жылы 8 оқыту семинары, акушерлік, балалар және бастапқы медициналық көмек саласындағы 167 дәрігер мен медбикені қамтитын 3 масстер-класс ұйымдастырылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өңірлік үйлестірушілері облыстағы 62 дәрігерді кейінгі каскадты оқыту әдісімен жұмыстарын жалғастыруда. Және 15 аурухана акушер-гинекологы «24 сағат және 7 күн» ережесі бойынша жедел акушерлік патологияны диагностикалау үшін ультрадыбыстық дағдылар бойынша дайындықтан өтті. Акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог және акушерлердің 20 маманынан құралған 7 бригада шетелде ДДҰ-ның технологиясымен біліктіліктерін арттырды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева. Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Нұрлан Джариевтың мәліметінше, бүгінгі таңда 3400 науқас онкологиялық аурулармен есепке алынған. Бұл өткен жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 6%-ға төмен. Аурудың алдын алу және ерте анықтау мақсатында облыс көлемінде ашық есік есік күндері жиі өткізіліп тұрады. Облыстық балалар ауруханасының директоры Камшат Тұрсынбекованың айтуынша, жыл басынан бері аурухананың көмегіне 4594 бала жүгінген. Оның 1300-і ауруханаға қатаң жағдайда жеткізіліп, 440-ы жансақтау бөлімінде ем алған. Нәрестелерге облыстық балалар ауруханасының білікті дәрігерлері дер кезінде көмек көрсеткен. Балалар арасындағы қатерлі ісікті ерте және дер кезінде анықтау, уақытылы ем-дом жасауды машықтандыру мақсатында облыстағы 25 дәрігердің қатысуымен арнайы оқыту курстары да ұйымдастырылған. Облыстық балалар ауруханасында өткен оқыту курсына Алматыдан келген білікті маман, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы онкогематология бөлімінің меңгерушісі Нигар Асламбекова қатысып, тәжірибесімен бөліскен. Одан бөлек, облыстық балалар ауруханасы анестезиология мен жансақтау бөлімінің меңгерушісі Қазбек Келеманов Санкт-Петербургқа барып, «Балалар анестезиологиясы және қарқынды терапия» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конгреске қатысып, білімін жетілдіріп қайтқан. Облыстық перинаталдық орталығы директорының міндетін атқарушы Жапырақ Епенова жыл басынан бері аймақта 16083 нәресте өмірге келгенін айтты. Оның ішінде облыстық перинаталдық орталығында 5900 нәресте дүние есігін ашқан. Олардың 156-сы егіз, 5-еуі үшем.Венера МИРЛАН