©
Біздің елімізде келім-кетім көп, көші-қон толассыз жүріп жатыр. Қазақстанға ағылып келіп жатқандардың басым көпшілігі — нәпақа іздеп жүргендер. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келетіндер арзан жұмыс күші саналатындықтан оларға сұраныс та бар. Жергілікті тұрғындар қанағат тұта алмайтын жалақы мен ауыр жұмыстан бас тартпайтын көрші елдердің азаматтары табысын кемітпеу үшін демалыссыз, жан аямай еңбек ететіні белгілі. Олар жайлы жатын орын да, құнарлы ас та іздемейді. Алайда осынысынан опық жеп, өкініп қалатындар да аз емес. Өйкені олардың кейбірі денінің саулығын ұмытып, жұмысбасты болып жүргенде жұқпалы ауруға тап болып, оны асқындырып алғанын кеш біліп жатады. Ақтау қаласында «Жолдас» ЖИТС сервистік ұйымдар қауымдастығы үш жылдан бері осында жұмыс істейтін шет елдер азаматтары арасында туберкулез ауруынан тегін тексеру және емдеу, басқа да әлеуметтік жағдайларына көмектесу жұмыстарымен айналысып келеді. Еңбекші мигранттардың тексерілуі мен еміне жұмсалатын шығынды «ХОУП жобасы» («Project HOPE») денсаулық сақтау қорының ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресуге арналған жаһандық қоры өтеп, қаржыландырып отыр. Таяуда «Жолдас» ЖИТС сервистік ұйымдар қауымдастығы Ақтаудағы 31 "а" шағынауданда жүріп жатқан құрылыс нысанында болып, шетелдік азаматтарды флюорографиялық рентгенге түсірді. Туберкулезге қарсы диспансер директорының орынбасары Құндыз Киркимова оларға туберкулез ауруының белгілері және оның асқыну қаупі жайында айтты. Сондай-ақ ол тегін тексеруден өтіп, ауру табылып жатса, дертті дендетпей, дер кезінде емделу керектігін түсіндірді. — Тексеруден өткен мигранттардың арасында ауру анықталса, олар сол күннен бастап туберкулезге қарсы диспансерден емделіп шығып, еліне кеткенінше біздің бақылауымызда болады. Емделушілердің құжаттарының дайындалуына көмектесеміз, бірінші қажетті азық-түлікпен, санитарлық құралдармен толық қамтимыз, - деген қауымдастықтың үйлестіруші қызметкері Гүлнәр Жақаева жылжымалы флюорографиялық тексеруден өткен еңбекші мигранттарға футболкалар мен жылы киімдер таратып берді. Акция соңында 202 адамның тексеруден өткені белгілі болып, олардың бесеуінен туберкулез ауруына күдік байқалды. Өкпесінен кінәрат көрінген бұл азаматтар тубдиспансерден қайта тексеріліп, ауру анықталғандары сонда жатып, емделеді.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40032,40026,40030,40029,40025,40023,40028"]