Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда жаңаөзендік журналист-жазушы Жоламан Айдарбаевтың «Өнер» баспасынан 1000 данамен 2016 жылы жарық көрген «Еділ патша» тарихи романының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер тізгінін ұстаған ардагер журналист Мейрамбай Қибасов жаңа кітап және оның авторы туралы қысқаша баяндама жасады.
- Жоламан Айдарбайұлы ұзақ жылдар бұқаралық ақпарат саласында тер төккен белгілі журналист. Ол Атырау облыстық «Коммунистік еңбек», Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газеттерінен басталған еңбек жолында баспасөз қызметімен бірге қаламгерлікті де қоса алып жүрген қаламы қарымды жазушы.
Оның екі томдық «Тоғысқан тағдырлар түбегі» кітабынан бастау алған «Жол айырығы», «Тұтқындар», «Өтті өмір осылай» секілді роман, повестерін оқырман қауым жылы қабылдады. Соңғы уақытта оқырманға «Бопай ханым», «Еділ патша» секілді тарихи романдарды ұсынып, тарихи тақырыпқа да қалам тербей бастады.
Сондай-ақ, Маңғыстаудың алғаш мұнай, газ байлығын ашып, ел қызметіне қойған ерен еңбек иелері – «Ғазиз Әбдіразақов, Төреғали Қадыров, Сүйеген Салманов», «Қазыналы Түбектің тарландары – Қуанышнияз Тоқпанов, Сұлушаш Баймағамбетова, Нәсіпқали Алмағамбетов», «Мұнайлы аймақтың ақиықтары – Ізбасар Құлжұмыров, Светлана Наушабаева, Лесбай Базарбаев», «Әбу Атшыбаев» атты ғұмырнамалық деректі-хикаяттары мұнай тарихына қосылған сүбелі еңбектер.
Жоламан Айдарбайұлы тек шығармашылықпен ғана айналысып қоймай, партия, Кеңес, кәсіподақ ұйымдарының жауапты қызметтеріне атсалысып, Мұнайлы аудандық Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Ұзақ жылдар «Жаңаөзен» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарып, мұнайлы қаланың қоғамдық өмірі туралы очерк, хабарларыңызбен халықпен тығыз байланыста болды,-дей келе:
– Қазақтың атақты қолбасшысы, Римді тізе бүктірген патша Аттила туралы жастар түгіл жасамыстардың өзі көп мәлімет біле бермейді. Бізде бұл туралы жазылған еңбектер де жоқтың қасы. Өзбектер өзінің Ақсақ Теміріне Ташкенттің қақ төрінен ескерткіш орнатты, ал орыстар Иван Грозныйға Мәскеуден ескерткіш салыпты. Біздің Аттила Астана төрінде неге тұрмайды? Ал осы уақытқа дейін өз елінде есімі елеусіз қалып келген ұлы адамға кітап арнаған жерлесіміз, жазушы Жоламан Айдарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарынан орын алуға тиіс, – деген пікірімен бөлісті.
Бұдан соң жарық көргеніне жыл өтсе де тұсауы енді кесіліп жатқан жаңа кітапты оқыған бірнеше азаматтар өз пікірлерін ортаға салды. Олардың алғашқысы, қоғам қайраткері, әдебиетсүйер қауым өкілі Дүйсембі Әріп өзінің кітаптан алған әсерін, Еділ патша туралы ойларын әңгімелеп берді. Ал қоғам және мемлекет қайраткері Зейнолла Алшымбаев өзінің тарихи кітаптарға қызығушылығы арқасында ұзақ жылдар бойы Еділ патша туралы еңбектермен танысып, көптеген мәліметтерге қанық болғанын, оның жүрген жерлерін көру мүмкіндігіне ие болғанын әңгімелей келе:
– Бұрын-соңды қазақ арасында Самат Өтениязовтың аттас зерттеу еңбегінен басқа кітаптар жазылған жоқ. Жөкеңнің кітабы дайын киносценарий. Бәріңізді өз арамызға тарихи романшының келумен құттықтаймын! – деді.
Кітаптың тұсауын кесу құрметі жергілікті ардагер Тергеу Айдарханов пен «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-нің директоры Сағындық Рзахметовке беріліп, көпшілік алдында жаңа еңбектің жолашар лентасын қию рәсімі жасалды.
Т. Айдарханов: «Үлкен елдік іс тындырған інімді жаңа кітабымен құттықтаймын» десе, С. Рзахметов аталмыш мекемеден зейнет демалысына шыққан авторға ұжым атынан «Алғыс хат» пен ескерткіш сыйлық тапсырып, болашақта «Медиа» жанынан өлкемізде жаңадан жарық көріп жатқан кітаптардың тұсауын кесіп, Маңғыстау баспасөзін зерттейтін орталық ашпақ ойы бар екенін айтып өтті.
Тағы оқыңыздар: Бекер мал шашуды қашан қоямыз?Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен» газетінің редакторы Гүлназ Бөлекбаева да жаңа еңбек туралы баяндама жасап, жазушыға алғыс хат, ескерткіш сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, Мәдениет басқармасы атынан ғылыми-әдістемелік орталық директоры Зылиха Сапарова авторға «Алғыс хат» тапсырды.
Жаңа кітап туралы пікір білдірген Т. Бекқалиев, Р. Оңғарбай, О. Тоқжанов т.б. бірқатар оқырмандар кітаптың құндылығы, даналық таралымының аздығы туралы айтса, домбырашы С.Шәкірат автордың аталмыш еңбегін «Алаш» сыйлығына ұсыну туралы пікір білдірді.
Сонымен қатар, тұсаукесер барысында Сержан Шәкірат, Роза Айдарбаева, Нұрияш Оспанова, Бақытжан Қожаев секілді өнер майталмандары жаңа кітап құрметіне ән мен күйден шашу шашып, көрермендер көңілін серпілтіп отырды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40116,40111,40112,40113,40115,40117,40118,40119,40121,40122,40123,40124,40125,40126"]