«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5 наурыз күні Бейнеу политехникалық колледжі ұжымының ұйымдастыруымен әдебиет әлемінде өз қолтаңбасымен танылып келе жатқан жас ақын, «Шабыт» халықаралық фестивалінің поэзия номинациясы бойынша лауреаты, бірнеше республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Асылбек Жаңбырбайдың «Жансусар» атты шығармашылық кеші өтті. Ақын кеші басталмас бұрын колледж директоры Нұрбол Бурин қабылдап, колледждің тыныс-тіршілігі туралы таныстырды. Колледж кітапханасына А.Жаңбырбай өз кітаптарын сыйлады.
Кештің негізгі мақсаты – студент жастарға ақынның шығармаларын таныстыру, дәріптеу.
Бұл кешке политехникалық колледж студенттерімен бірге Асылбек Жаңбырбаймен рухтас, қаламдас ақын-журналистер Айнахан Есет пен Бақтыбай Жайлау қатысты. Кеш иесінің қаламдастары Асылбек Жаңбырбай ақынның поэзиясы туралы пікір білдірді. Тақырып аясы кең, тілі бай, ұлттық тарих пен мəдениетті жырына арқау еткен автордың шығармашылық еңбегі əріптестері тарапынан тарихи жады мен қоғамдық сананы жаңғыртатын туындылар деп бағаланды.
Асылбек Жаңбырбай – 1985 жылдың 17 қазанында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауылында туған. 2003 жылы Абай атындағы орта мектебін бітірген. 2006 жылы Маңғыстау энергетикалық колледжін тәмамдаған. Алғашқы өлеңдері «Рауан», «Маңғыстау», «Үш қиян» газеттерінде жарияланған.
Өлеңдер топтамасы «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» (2006), «Қашаған – сөздің дүлдүлі» (2013), «Жастар жырлайды» (2013), «Маңғыстау мақамдары» (2013) «Жыр маржаны» (2015) жинақтарына енген. Ер Шотанның 300 жылдығына (2005), Сүйінғара батырдың 250 жылдығына (2006) арналған мүшәйралардың; «Каспий – достық теңізі» (2006), «Маңғыстау жұлдыздары» (2008) фестивальдерінің; Маңғыстау облыстық «Жас Тұлпар» байқауының (2009) жеңімпазы. Шымкент қаласында өткен жас ақын-жазушылардың ІІ республикалық форумындағы (2009) Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі тағайындаған арнайы грант иегері.
ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша І орын жүлдегері (2016).
А.Жаңбырбайдың шығармашылығы Темірхан Медетбек, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Реушен, Аманхан Әлімұлы, Сабыр Адай сынды алты алашқа танымал ақындардан жоғары бағасын алған.
«Жансусар» (2008), «Аспан хаттары» (2016) атты жыр кітаптарының авторы.
Ақын шығармашылығымен танысу мақсатында таланттың өзіне тән дара жолы туралы дайындалған бейне көрсетілім назарға ұсынылды. Кеш барысында ақынның өлеңдерін студенттер жатқа оқып, Асылбек Жаңбырбайдың сөзіне жазылған «Күз-Көңіл», «Ер Шотан» өлеңдерін әнші жастар домбырамен, гитарамен шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар ақынға жастар сұрақтар қойып, жауаптарын алды. Шығармашылық кеште Асылбек ақын өз өлеңдерін, «Жансусар», «Аспан хаттары» атты екі кітабының шығу тарихы жайлы айтып, сұрақтарға жауап берді.
Осы кешке ат салысып қатысқан, өнер көрсеткен жастарға ақын өз кітаптарын тарту етті.
Бейнеу политехникалық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Байбатырова ақынға деген өз лебізін білдіріп, шығармашылық кешімен құттықтап, кеш қонақтары мен ақынға Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық кадрын дайындауда, адами капиталды молықтырудағы мақсаты орындалған Бейнеу политехникалық колледжінің жылнамалық кітабын сыйға ұсынды.
Үміт ҚАЗДАЕВА