©
Биыл Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы, «Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 20 жыл, қаладағы «Сүт зауытына» 15 жыл толуына орай «Ел болам десең, бесігіңді түзе» атты конференция өтті. «Мұнайшы» мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Мақсат Ысқақов, қала әкімі Әділбек Дауылбаев, қала активі мен жаңаөзендіктер қатысты.
Конференцияны «Үміт бер» қорының атқарушы директоры Ағлен Таласбаева жүргізіп, алғашқы сөзді облыстық мәслихаттың депутаты, Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Үміт бер» қорының және «Сүт зауыты» директоры Сәуле Жақаеваға берді.
- Елбасымыз «Қоғамның даму барысын өмірде - нәзік, көңілде – биік, ал істе –мығым әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес» деген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдердегі қиындықтар қай кездер де айла тауып, қиындықтан шығуға талпынатын лидер әйелдерді ортаға шығарды. 1995 жылы еліміздің әр аймақтарындағы беделді, белсенді, танымал әйелдердің одағы құрылды. Ал, 1998 жылы Маңғыстау өңіріне келіп, алғашында Ақтау филиалы, соңғы үш жылдан бері «Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығы» болып жұмыс жасап келеді. Қауымдастық 20 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды шаралар ұйымдастырды, нәзік жандыларымыз кәсіби деңгейін көрсете білді, - деді Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. Бұдан бөлек, С.Жақаева 2015 жылы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының 20 жылдығына орай Астана қаласында өткен республикалық саммитке облыс бойынша 45 іскер әйел қатысып, 50 іскер әйелдің есімі «Қазақстанның қанатты әйелдері» атты кітапқа енгенін айтты. Сондай-ақ, қыз-келіншектеріміз тек қана ел арасында ғана емес Жапония, Дубай, Корея, Испания, Германия секілді шетелдерде өткен халықаралық саммиттердің куәсі болған. 2010-2018 жылдар аралығында әйелдердің гендерлік саясатта, экономикада, жеке кәсіпте кемелденіп, шарықтау сәттері орын алған. Қауымдастық құрамындағы әйелдер бір-бірін ынталандырып, күш беріп отырады. Нәтижесінде, жаңа бастамалар туындап, республика аймақтарындағы белсенді кәсіпкерлермен тәжірибе алмасқан.
- Сондай тәжірибелердің бір көрінісі ретінде «Сүт зауытын» атауға болады. 2000 жылы Қостанай қаласына барған кезде аймағымызда түйе малының сүтінен әртүрлі тағамдар, сусындар жасап, кәсіп көзіне айналдыруға болады екен деген ойға келдім. Құлап тұрған ескі зауытты қайта көтеріп, кәсіпорын дүниеге келген болатын. Содан бері зауыт ел экономикасына өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда зауытымыздан 20 түрлі тағам шығарылады. Ұлттық тағамдар: балқаймақ, құрт, шұбат, шалап өнімдері. 150-ден аса адамды жұмыспен қамтып, әсіресе жастарды жұмысқа тарту мақсатын алға қойып отырмыз, - дейді зауыт басшысы.
Сәуле Жақаева сөз соңында аталмыш шараның Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқанын айта келе, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап облысқа қарасты қалалар мен аудандар, ауылдарда «Ел болам десең, бесігіңді түзе» атты кездесулер мен конференциялар ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті. « Біз анамыз, бір қолмен бесікті, екінші қолмен әлемді тербетіп отырған. Әйелдердің мойнында ұрпақ жүгі тұрғанын ұмытпауымыз керек. Тәрбие тал бесіктен, отбасыдан, анадан арқау алады. Бүгін біз күрделі мәселені талдау үшін басқосып отырмыз», - деді.
Екінші болып мінберге көтерілген М.Ысқақов іскер әйелдерге ел мен халықтың игілігі, болашағы үшін жасап жатқан жұмыстарына алғысын білдіріп, жиналғандарды наурыз айындағы барлық мерекемен құттықтап өтті. Өз сөзінде қазақ қоғамы, отбасы құндылығы, ажырасу проблемасы, ер-азаматтың мықтылығы, намысқойлығы, әйелдің ақылдылығы, бесіктен бастау алатын бала тәрбиесі жайында айтып, сөзі өтімді болуы үшін мысалмен келтірді. Сондай-ақ конференцияда журналист, қоғам белсендісі Жәнібек Қожық пен Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов та аталмыш тақырып аясында баяндама жасады. Қала әкімі Әділбек Дауылбаев пен қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов қаланың әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген 19 қыз-келіншекті құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады.
Шара соңы «Атамұра» мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Үміт бер» байқауының І орын иегерлері егіздер Оразалы, Оразбектің шырқаған әсем әндерімен аяқталды.
Жазира БАҚСЫЙЫҚҚЫЗЫ