Қазақстан Республикасының аумағында оның ішінде Маңғыстау облысы аумағында жалпыға бірдей сейсмикалық жаттығулар өткізу жоспарланған. Бұл туралы қоғамдық коммуникациялық орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, халықты түрлі төтенше жағдайларға, оның ішінде ықтимал жер сілкіністеріне дайындау, сондай-ақ ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында биыл 23 ақпанда Маңғыстау облысы аумағында жалпыға бірдей сейсмикалық жаттығулар өткізу жоспарда бар.
Сонымен қатар, осындай ауқымды іс-шараға дайындық мақсатында Департамент облыс әкімдігімен бекітілген ұйымдастырушылық нұсқаулар және сейсмикалық жаттығулар өткізу жоспарын әзірледі.
- Атап айтқанда, 23 ақпанда сағат 10.00-де облыс аумағында «Баршаның назарына!» ескерту сигналынан соң жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл тәртібі туралы сөзбен сүйемелдеу арқылы ақпарат іске қосылады. Бұл құлақтандыру жүйесі оқу-жаттығу ретінде қосылады, дүрбелең мен арандатушылыққа бой алдырмаңыз, тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіз. Сондай-ақ, сейсмикалық жаттығулар өткізілетін күні білім беру объектілеріне, Департамент қызметкерлері сейсмикалық жаттығуды өткізуге әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында жұмылдырылатын болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жер сілкінісі кезінде халыққа негізгі ұсыныстар мен 10 қарапайым қадамды жеткізген жөн деп ойлаймын: Сабыр сақтаңыз, үрейленбеңіз, және дүмпу кезінде лифт және баспалдақты пайдаланбаңыз. Терезе, люстрадан және басқада ілулі заттардан алшақ тұрыңыз. Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан алшақ болыңыз және жерасты дүмпулерінің қайталануына дайын болыңыз,- деді Нұрлыбек Айжарықов.
Айта кетейік, бұл сейсмикалық жаттығудың мақсаты – жер сілкінісі қаупі төнген немесе туындаған кезде халықтың дұрыс іс-әрекеттер жасауына жалпы дайындау және төтенше жағдайларда қажетті іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру.
Осыған байланысты Маңғыстау облысының барлық меншік нысанындағы ұйым басшыларынан және барлық тұрғындарынан осы жаттығуға белсенді қатысуды және түсіністікпен қарау сұралады.