Ақтау қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлеріне өңірлік кадр резервіне іріктеу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірлік кадр резервіне іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Олар: құжаттарды қабылдау, заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу, «Құзыреттерді бағалау», комиссиядағы құрылымдық сұхбат және «Комиссияның отырысында» кезеңі. Құжаттарды қабылдау кезеңі 1-31 наурыз аралығында өтеді. Өңірлік кадр резервіне іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі жəне үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар (құжаттарды тапсыру сәтінде) Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, бұл жоба жас мемлекеттік қызметкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
- Кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайтында тапсырады. Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын ұсынып тіркелгеннен кейін, үміткер өңірді және 7 салалық бағыттың бірін таңдайды. Салалық бағыттардың қатарында индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология бар. Үміткерлерге бір ғана өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі. Одан кейін салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді. Үміткерлер өзі тұратын өңірден басқа өңірдің резервіне қабылдану үшін құжаттарды тапсыра алады, яғни кез келген өңірді таңдай алады, бірақ өзгерте алмайды. Жобаның негізгі мақсаты - өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Бұл жас мемлекеттік қызметкерлер үшін үлкен мүмкіндік, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.