Осыған дейін Ақтау тұрғындары қатты жауын-шашыннан кейін терезелерден түк көрінбейтініне шағымданған еді. «Соның кесірінен қай аялдамадан өтіп бара жатқанымызды көре алмаймыз» деді жолаушылар. Ал бүгіннен бастап Ақтау көшелері мен ауданаралық автомобиль жолдарында таза автобустар қатынайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осыған дейін қоғамдық көліктерді «Каспий автопаркі» ЖШС аумағындағы бір ғана жуу орталығында тазалаған. Осылайша көлік жуу боксы біреу болғандықтан 64 автобус уақытылы тазаланбаған. 10 ауданаралық маршрут қосылған соң автопарк басшылығы заманауи көлік жуу кешенін салуды ұйғарған.
- Автокөлік жуу кешенінің құрылысы жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды. Жаңа кешенде көлік жуатын 4 бокс бар. Күндіз автобустарды маршруттан алып тастай алмаймыз. Сол себепті әдетте көліктерді түнде жуамыз. Жаңа кешен таңертеңге дейін 80-ге жуық автобусты жуып үлгереді. Қоғамдық көліктер жолға таза күйінде шығып жүргенін байқаған боларсыз, - деді автопарк директорының көмекшісі Жами Сырбаев.