«Қазақстан халқына» қоры биылғы жазғы лагерге ел бойынша 20 мың балаға 1,94 миллиард теңге қарастырған. Бұл 5-8 сынып аралығында оқитын оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстау облысы бойынша аталған жоба аясында биыл 1410 оқушы «Фламинго» лагеріне тегін жолдама алды. Олар – озат, сондай-ақ мектептің қоғамдық және мәдени өміріне ат салысып жүрген оқушылар. Маңғыстау облыстық білім басқармасы өз кезегінде мектептер ұсынған тізімге сәйкес балаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті.
«QH жаздық жобасы» аясында 1410 оқушының алғашқы маусымда 350-і, одан кейін 360, енді міне 350-ібала демалуда. Оқушыларға тәлімгер болып жүрген Рамазан Бектұрсыновтың айтуынша, үшінші лек 23 шілде күні келген. Оларға бұл жерде арнайы тәртіп пен талап бар. Сондықтан, нұсқаушы ретінде тәлімгерлер беріледі.
-Олар мұнда өткізетін он күнді түрлі бағдарламаларға бөлгенбіз. Әр оқушы өзінде бар талантын ашып, өзіне беймілім тұстарын көрсетуге мүмкіндік алады. Қазір мұнда 13 топ, яғни 350 бала бар. Бір топқа бір ер бала, бір қыз бала нұсқаушы-тәлімгерден бөлінген. Тәлімгерлердің міндеті – балалардың тәртібін қадағалап, ұйқы мен тамақ режимінің сақталуын бақылау. Түрлі бағдарламалар кезінде, басқа бос уақыттарында да біз олардың үнемі қасында болуымыз керек, - дейді Рамазан Бектұрсынов.
Бейнеу ауданынан келіп демалысын өткізіп жатқан Ақберен Жылқыбектің айтуынша, ол мұндағы бір күннің ішінде көптеген достар тауып үлгерген.
-Әр түрлі эстафеталық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылуда. Уақытында ұйықтап, мезгілімен тамақтанып жүрмін. Кеше түрлі концерттік бағдарламалар, бүгін футболдан жарыс ұйымдастырылды. Жеңімпаз атанып, керемет әсер алып отырмыз. Бұл жерде 10 күндей боламыз әлі. Уақытты тиімді өткізетінімізге сенімдімін, - дейді Ақберен.