«Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының» Маңғыстау филиалының қызметкерлері Ақтаудағы бірнеше мектептерді аралап, Қазақстанда жол мамандарына деген сұраныстың жоғары екендігін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы мектеп оқушыларына ел Президентінің бүгінгі таңда білімге деген көзқарасты өзгерту қажеттігін, техникалық мамандықтарға басымдық беру керектігін айтқан сөзін жеткізді. Жаңа ұрпақты инженерлік және өнеркәсіптік салаларда тәрбиелеу қажет екенін айтты.
Бұл пікірмен жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы Маңғыстау филиалының директоры Хамзат Сұлтанов келіседі.
- Расында да, бүгінде еңбек нарығы қарқынды өзгеруде. Осыдан 10-15 жыл бұрын өзекті болған мамандықтар қазір сұранысқа ие емес. Керісінше, Қазақстанда «құрылысшы» мамандығы кадрларға деген қажеттілік бойынша көшбасшы. Биыл бұл салада кадр тапшылығы 8 мыңнан астам адамды құрады, дейді Хамзат Сұлтанов.
Мәселені шешу үшін Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы биылдан бастап «2000 мектеп» жобасын қолға алды. Мақсат - жас буынды құрылыс, соның ішінде жол құрылысы саласын өмірлік мамандық етуіне үгіттеу. Бұл акция барлық облыста өтіп жатыр. Маңғыстау облысында жыл басынан бері 60-қа жуық білім ошағы қамтылып отыр.
- Қазақстанда 7 637 мектеп бар. 3,6 млнға жуық оқушы білім алуда. Әр оқу жылы соңында бірнеше түлек жол саласын таңдайтын болса, кадр тапшылығы шешіледі деп ойлаймыз. Былтыр бұл акция «1000 мектеп» деп аталды. Көзделген меже орындалды. Биыл «2000 мектеп» атауымен жалғасып жатыр. Қазір Ақтаудағы білім ошақтарын аралап жүрміз. Бір күнде 2-3 мектепке барамыз. Бұдан соң танымдық дәрісімізді Жаңаөзен және бес ауданда жалғастыру жоспарымызда. Сондай-ақ студенттерді жыл сайын бізде өндірістік тәжірибеден өтуге шақырамыз. Бүгінге дейін 150-дей студент Ұлттық орталықта өз біліктілігін шыңдады. Соның 18-і жас маман ретінде біздің кәсіпорынға жұмысқа кірді, – дейді Хамзат Сұлтанов.
Ведомство басшысының айтуынша, қазір Қазақстан бойынша жол шебері, инженер-құрылысшы, инженер-сметашы, зертханашы, асфальтбетоншы, асфальттөсеуші, автогредеристер, механизаторлар тағы басқа жол мамандары жетіспейді. Бұл жерде жалақы да жоғары. Мәселен, зертханашылар орта есеппен 400 мың айлық алады. Инженердің еңбек ақысы одан да көп.