«Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде «Бейнеу» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Дәулет Оспановтың басшылығымен барлау бөлімшелерінің екі жақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығудың екі жақты сипаты қарама-қарсы барлау бөлімшелерінің шартты шабуылдаушы мен жауынгерлік қорғаныс топтарының құрамындағы іс-қимылын білдіреді. Барлау бөлімшелері барлау-жауынгерлік және барлау-іздестіру іс-қимылдарын жүргізу міндеттерін орындайды.
- Жауынгерлік даярлық бойынша барлық іс-шара Мемлекет басшысының қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Екі жақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларда барлау бөлімшелері әртүрлі жауынгерлік іс-қимылдар жасай отырып, командирлер мен жеке құрамды даярлаудағы толық үйлесімді әрекетті қамтамасыз етеді, -деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Дәулет Оспанов.
Маневрлер барысында қарсыластың ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларын қолдануын ескере отырып, қорғаныс және шабуылдау іс-қимылдарын жүргізу кезінде барлау бөлімшелерінің күндізгі және түнгі іс-қимылдары пысықталады.
Оқу-жаттығуда барлаушылардың шартты қарсылас объектілеріне авиация соққыларын, артиллериядан бағыттап оқ атуды және атысты реттеу бойынша практикалық дағдыларын жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады.