Маңғыстау облысында кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыста кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 667 жоба қолдау алып, 186 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар 117 жұмыс орны сақталған. Бұл туралы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева баяндады.
2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 091 бірлікке немесе 24,3%-ға өсіп, 67 052 бірлікті құраған. Бұл еңбекке жарамды барлық халықтың 41,5%-ға жуығын құрайды.
Осы көрсеткіштер бойынша Маңғыстау облысы Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан кейінгі алғашқы бестікке кірді.
- Мемлекет кәсіпкерлерге және өзінің жаңа ісін бастағысы келетіндерге жан-жақты қолдау көрсетуде. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, қолдау құралдары туралы ақпарат шалғай ауылдардың тұрғындарына тиісті деңгейде жетпей отыр. Нәтижесінде өз кәсібін бастай алмай немесе өз идеяларын жүзеге асыра алмай отырған адамдар бар. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейту, халықты мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайту қажет. Екіншіден, инфрақұрылымды тарту мәселелері қысқа мерзімде шешілуі тиіс. Мәселен, инфрақұрылым ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерге қол жетімді болса, ол ешқайда кетпестен кәсібін ары қарай дамытуды жалғастырады. Біздің басты көрсеткішіміз-жаңа жұмыс орындарын құру және бар жұмыс орындарын сақтау. Бұл тұрғыда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқмейілсімей, оны жетілдіруді жалғастыруымыз керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Кездесу соңында өңір басшысы жауапты тұлғаларға айтылған мәселелерді іске асыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.