Бүгін Қ. Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында ҚР мәдениет қайраткері, аудармашы, шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейдің шығармашылық кеші өтті. Кеш аясында тұңғыш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылған «Тарих-и Рашиди» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қазақ үшін қаламынан қарасөз қашаған Ислам Жеменейді 70 жас мерейтойымен құттықтап, тілек білдірді. Содан кейін ел ағасының шығармашылығына тоқталып, оның қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесін сөз етті. Құрмет көрсетіп маңғыстаулық жұртшылық атынан шапан жапты.
Әрі қарай қазақ тіліне тәржімаланған жаңа кітаптың тұсауын белгілі қоғам қайраткерлері, Маңғыстау облысының құрметті азаматтары Сержан Шакратов және Тергеу Айдарханов, Жауғашты Нәбиев, Қайролла Ережепов кесті. Содан кейін Ислам Жеменей жайлы естеліктер мен ерекшеліктеріне тоқталып, құттықтады.
«Ислам інімді алыста жүргеннен білемін. Содан Маңғыстауға келе алмай жүрген еді, бірақ елге келсе, көңілі құшаққа толып жүреді. Исламның Маңғыстауда бір апасы болған Фариза Оңғарсынова деген. Осы ретте маңғыз өңірді шығармаға сыйдырып жүрген ақын-жазушылар туралы жазылған «Жүректегі жазулар» кітабын сыйға тартамын. Деніне саулық тілеп, асқақтай беруіне тілек білдіремін», - деді Тергеу Айдарханов.
Қазақстанда 1991 жылдары парсы, түрік тілін білетін бірде бір маман жоқтың қасы еді. Сол кезде Ислам Жеменей осы екі тілдің жандануы үшін сөздік жасап, оқулық әзірлеп, Қазақ және Иран елінің мәдени, ғылыми қарым-қатынасына үлкен үлес қосты. Ел ағаларының айтуынша, Дінмұхаммед Қонаев «Бізге Ислам Жеменей өте қажет. Елге келуің керек» деген екен. Содан көп ұзамай Ислам Жеменей елге, атажұртқа қоныс аударып, отандық ғылымда еңбек етіп келеді.
«Өзге тілден қазақ тіліне аудару бар. Оны аудармашы дейді. Ал Ислам Жеменей тек аударып қана қоймайды, ол зерттейді, кітаптың түбіне түсіп, түпнұсқасын зерттейді. Бұл – Ислам Жеменейдің ерекшелігі», - дейді Алматыдан келген Жауғашты.
Осылай көпті көрген, әдебиет пен мәдениетті серік еткен, сөзі асыл, кемеңгер ойлы Маңғыстаудың ағалары Ислам Жеменей жайлы ұзақ айтып, кешті одан әрі рухани атмосфераға айналдырды. Ал мектеп оқушылары Ислам Жеменей жайлы жазылған өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, авторға құрмет көрсетті. Кеш соңы домбыра күмбірімен аяқталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА