Маңғыстау облысындс күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Азаматтардың алғашқы легі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне аттанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскерге шақыру науқаны 1-қыркүйекте басталды. Дәстүр бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелері алғаш болып жасақталды.
-Біз әскерге бірінші кезекте еліміздің шекара қызметіне қажет жауынгерлерді жібереміз. Бүгін алғашқы әскери команданы аттандырамыз. Онда 6 азамат бар. Шекара қызметінен кейін азаматтар Қазақстан Республикасының қарулы күштеріне барады. Одан соң дәстүрлі түрде ұлттық гвардияда әскери борышын өтейді, - дейді әскери қызметке шақыру бөлімінің басшысы Талғат Сарбасов.
Жалпы биыл 700-ден астам маңғыстаулық Отан алдындағы борышын өтейді деп жоспарланған. Оның 300-ге жуығы Қарулы Күштерге, 230-дан астамы Ұлттық ұланға, 170-тен астамы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне шақырылады. Әскерге 18-27 жас аралығындағы азаматтар барады.
Әскерге шақыру барысында азаматтарды хабардар ету үшін SMS-хабарлама жолданады. Сондай-ақ, үй мен жұмыс мекен-жайларына шақыру қағаздары жіберіледі.
Әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады.