Қос елдің ынтымақтастығын одан әрі қарай арттыру мақсатында Ақтауда мәдени-сауда жәрмеңкесі басталды. Ашылуына Ақтау қаласындағы консулдықтардың өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Жәрмеңкеде келушілерге нарықтағы бағадан төмендетіліп Әзірбайжан елінің азық-түлік өнімдері, косметикалық бұйымдар, картиналар ұсынылды.
Әзірбайжан елінің Ақтаудағы консулы Эльмар Маммадовтың айтуынша, биыл екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толады. Осыған орай, екі мемлекетте де түрлі шаралар өтуде.
-Қазақстан мен Әзірбайжан арасында бүгінге дейін жүздеген құжатқа қол қойылып, табысты жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан елінің президенті Ильхам Алиев жақында өткен кездесуінде тағы да маңызды құжаттарға қол қойып, болашаққа нақты жоспарлар жасалынды. Бұл дегеніміз - бауырлас екі ел арасындағы достық одан әрі жалғасын тауып, экономикалық және саяси салада берік серіктестік жалғасын таба береді деген сөз. Қазір Әзірбайжан елінің орталық паркінде қазақ үй тігіліп, қазақтың салт-дәстүрі мен тарихы келушілерге таныстырылуда. Бұл тек қана Баку тұрғындарының ғана емес, елге келетін туристердің де қызығушылығын туғызып отыр, - дейді Э.Маммадов.
Бүгінгі жәрмеңкеде қос елдің ұлттық билері орындалды. Қазақстанның мәдениет қайраткері Жоламан Көшкінов әйгілі Муслим Магамаевтың «Синяя вечность» әнін нақышына келтіріп орындап, көрермен ризашылығына бөленді.
-Бұл жәрмеңкені «Әзірбайжанның Қазақстандағы сауда үйі» Ақтау қаласындағы консулдықтың қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Сауда үйі болашақта екіжақты сауданы дамытудың бірегей құралы болады деген үіміттемін. Сауда үйі әзірге тек Нұр-Сұлтанда ғана бар. Алдағы жылдары Ақтау және Қазақстанның өзге де қалаларынан филиалдар ашу жоспарда бар, - деді аталған сауда үйінің бас директоры Рагим Султанов.
Шаралар 26 тамыз бен 5-қыркүйек аралығында теңіз жағалауында өтеді. Жәрмеңкеден өзге, тұрғындар кешке қарай әзірбайжан киносының алтын қорынан алынған фильмдерді тамашалай алады.