26 тамызда стратегиялық тауарлар бағасының өзгеруіне байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нен жылу энергиясын өндіру, магистральдық құбыр жолдары арқылы су беру (ауыз су, техникалық және ыстық су өндіру) жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтердің тарифтері мен тарифтік сметаларын бекітуге келіп түскен өтінім бойынша жария тыңдау болып өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 13-тармағына сәйкес Маңғыстау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті ұйымдастырған тыңдауға кәсіпорынның қызметкерлері, тұтынушылар, сондайақ қоғам белсенділері және өңірдің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директорының Экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Руслан Бектемір кәсіпорынның қажеттіліктері негізіндегі есепті ескере отырып, тарифтерге өзгерістер енгізуге өтінім берілгені туралы және кәсіпорынның бүгінгі күнгі өндірістік жағдайы туралы ақпаратты ұсынды.
Кәсіпорындағы тарифтерді көтеру қажеттілігінің себептерін айқындайтын негізгі маңызды фактор - газды сатып алу және тасымалдау шығындарының артуы, сондай-ақ электр энергиясын өндіру шығындарының ұлғаюы болып табылады.
Уәкілетті органның 2019-2024 жылдарға шығынды жаппайтын тариф бекітуіне және газ, химиялық реагенттер мен материалдар бағасының жыл сайын өсуіне байланысты кәсіпорын қаржылық-экономикалық шығындарға ұшырауда. Тек соңғы төрт жылда - 2019 жылдан бастап 2022 жылдың 1 жарты жылдығы аралығында кәсіпорында жылу энергиясы мен ауыз су, ыстық су және техникалық су өндірісінде 11,9 млрд.теңге мөлшерінде шығындар қалыптасты.
- Өндірілетін өнімнің өзіндік құны оларды сатудан түскен кірістен әлдеқайда жоғары. Мысалы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жылу энергиясының өзіндік құны сатудан түскен табыстан 73% - ға асып, кәсіпорын 1 715 млн.теңгеге шығынға ұшырады, ауыз су, ыстық су, техникалық су өндіру бойынша өзіндік құн табыстан 35% - ға асып түсті. Бұл да шамамен 1 175 млн. теңге шығын әкелді. 2022 жылғы жағдай да сондай, осы жылдың 1 шілдесінен бастап газ бағасы 10%-ға өсті. Бұл шығындарды одан әрі арттырады. Кәсіпорын өндірісінің қалыпты қызметін қамтамасыз ету және тұрақты қаржы-экономикалық жағдайды сақтау мақсатында біз тауарлық газды жеткізуші алдындағы қарыздарды жабу үшін айналым қаражатын толықтыруға екінші деңгейдегі банктерден қарыз қаражатын тартуға мәжбүрміз, - деп хабарлады Руслан Бектемір.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі өтінімге сәйкес тұтынушылар үшін өнімге тарифтерді орташа есеппен осылай өзгертуді ұсынады:
жылу энергиясы бойынша 2 199,29 теңгеден 3 911,69 теңгеге дейін/Гкал;
ауыз су бойынша 191,49 теңгеден 230,83 теңге/м3-ке дейін;
техникалық су бойынша 65,18-ден 83,14 теңге / м3-ке дейін;
ыстық су бойынша 109,83 теңгеден 163,56 теңге/м3-ке дейін.
Сондай-ақ кездесу барысында Ақтау тұрғындары кәсіпорынның қуатын арттыру, жылу есептеу құралдарын орнатуды Мүліктің меншік иелері бірлестігі құзіретіне беру, ауыз судың сапасы, энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдардың жұмысына қатысты мәселелерді көтерді.
Тарифтер жобасы талқыланғаннан кейін шешімді кәсіпорынның қажеттіліктері мен тұтынушылардың ұсыныстарын ескере отырып, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қабылдайтын болады.