Ақтау қаласында "Қазақстан Халық Банкі" АҚ филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, Халық банкінің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова және банк қызметкерлері мен тұтынушылары қатысты.
Шарада сөз алған Бекбол Орынбасаров банк қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
-Бүгінде еліміздің экономикасын арттыруда елеулі үлес қосып жатқан банк ұжымы әрбір тұтынушыға лайықты қызмет көрсетуде. Қаржылық институттардың ішінде абыройлы көш бастап тұрған «Халық Банкіндегі» қызмет көрсету түрлерінің көбейіп, сапасы артып келеді. Кемелді келешекке қарышты қадам басқан еліміздің абыройы әр азаматқа ауқымды да аса жауапты міндеттерді жүктейді. Осы ретте халыққа қызмет көрсетудің ең қажетті саласы – банк жүйесін дамыту мен жетілдіру ісінде аянбай еңбек етіп жүрген осы тұрған қызметкерлердің еңбегі орасан зор. Сіздер іскерліктеріңіздің, кәсіби шеберліктеріңіздің және біліктіліктеріңіздің арқасында көп межені бағындырып келесіздер. Осы қуанышты күнде сіздерге мұқалмас жігер, қайтпас қажыр, еңбектеріңізге таусылмас табыс, отбасыларыңызға ортаймас бақ - ырыс тілеймін! Мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын!,-деді Бекбол Орынбасаров.
Маңғыстау облысының барлық ауданында банк бөлімшелері жұмыс істейді. Олардың 17-сі қалалық, 4–еуі аудандық, 2-еуі әмбебап бөлімшелер.
Банктің барлық бөлімшелері өзіне-өзі қызмет көрсету құрылғылары паркімен қамтамасыз етілген. Облыс бойынша 294 банкомат және 45 төлем терминалы бар.
Айта кету керек, бүгінгі таңда банк қайырымдылық іс-шаралармен тұрақты айналысып келеді.
Шара аясында Халық банкінің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова облыс әкімдігіне балалар ойын алаңын салуға қаржылай сертификат табыстады.