Бұған дейін бірнеше рет жиналып жалақыны көтеруді талап еткен жедел жәрдем қызметкерлері бүгін тағы да наразылық білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
9 жылдан да көп тәжірибесі бар мамандардың сөзінше бұл уақытқа дейін мардымды еңбекақы алып көрмеген. Керісінше жұмыс көп, айлық аз деп шағымданады. Сонымен қатар Мұнайлы ауданының 180 мың тұрғынына 18 жедел жәрдем бригадасы тиісті болса, тек 10 шақты топ жұмыс істейтінін айтады. «Осылайша екі есе қызмет атқарғандықтан шақыртуларға үлгермей, қызмет көрсету сапасы төмендеп кетті» дейді жиналған топ.
- Фельдшерлер де, жүргізушілер де тәулік бойы жұмыс істейді. Соны ескеріп, жұмыс істеген сағатымызға қарай айлық дұрыс төленсе дейміз. Денсаулық сақтау басқармасынан, әкімдіктен келген өкілдер мен өзіміздің басшымыз өздеріңе тиісті ақшаны алып отырсыңдар дейді. Ал біз ол ақшаға қанағаттанбаймыз, - дейді жедел жәрдем фельдшері Шынар Мусаева.
- 8 ауысым үшін берілетін айлық 100 мың теңгеге әрең жетеді. Үш айдан бері 96 мың теңге жалақы алып отырмыз. Оның ішінде 40 мың теңге қосымша үстеме ақы еді, енді оны төлемейміз деп жатыр. 70-90 мың теңге айлықпен мына заманда бала-шаға бағу мүмкін бе?Тамақ та, киім де қымбат. Осыны ескеріп жоғарыдағы басшылар айлығымызды көтерсін, - дейді жедел жәрдем санитары Нағима Салибекова.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуынша басшылары осы уақытқа дейін берілген 40 мың теңге үстеме ақының енді төлемейтінін айтыпты. Одан бөлек, қызметкерлердің қосымша істелген жұмысқа төленетін қаражатқа көңілі толмайды. Ал облыстың денсаулық сақтау басқармасында өңір бойынша жедел жәрдемде 52 бригада болу керек дейді. Алайда қазір 47 топ халыққа қызмет көрсетіп жатқанын айтады. Ал фельдшерлер жеткілікті, жүргізушілер ғана аз дейді басқармадағылар.
- Мекеме өз тарапынан қаражаттың жетпеу, көлемді толықтай төлей алмау қаупі болған соң 40 мың теңге үстеме ақыны беруді тоқтатамыз деп ескерту жасаған. Бұл жүргізушілер мен фельдшерлерге қатысты. Біз 40 мың теңге үстеме ақыны әрі қарай жалғастырып төлеу туралы келісімге келдік, - дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Сондай-ақ басқарма басшысы Аманбек Жұмыров қосымша жұмыс істейтін мамандарға заң шеңберінде жалақының 1,5 есе көлеміндегі қаражат төлеп отырғанын айтады.
Махаббат Нұржанқызы