Бұл туралы Ақтауда өтіп жатқан авиациялық қауіпсіздік және өңірлік ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференцияда мәлім етілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Пандемиядан кейін Қазақстанда жолаушылар ағыны едәуір ұлғайды. Жыл басынан бері, яғни 6 ай ішінде 4,6 миллион жолаушы тасымалданды, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 миллион жолаушыға дейін жетеді деп жоспарланған.
"Пандемия кезінде авиация саласы 2025 жылға қарай өз деңгейіне қайта оралады деп болжанды. Бірақ бұл процесс күні бүгін екпінмен жүзеге асуда. Саяхатқа құштар жандар легі күрт артты, бұл жолаушылар өсіміне сеп болып отыр. Әрине, жалпы авиациялық жүйеге, әуежайлар мен әуе компанияларына артылатын жүктеме де зорайды. Жүйе бетпе-бет келген басты қиындық - рейстерді уақытылы орындауда туындайтын кедергілер. Әуе кемелері мен экипаж қызметкерлерінің тапшылығы салдарынан рейстер кестесі жиі өзгеріске ұшырауда. Алайда Еуропа немесе АҚШ еліндегідей кешіккен не тоқтатылған рейстер жиі кезікпейді. Уақыт өте біз жолаушылар тасымалын кедергісіз жүзеге асыру үшін барлық қажетті талаптарды қамтамасыз етеміз деп үміттенеміз", - деді "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі"АҚ Бас директоры Каталин Раду.
Бүгінгі таңда еліміздің мемлекеттік тізілімінде 912 әуе кемесі бар. Коммерциялық тұрақты жолаушылар тасымалына 75 әуе кемесі тартылған. 2025 жылға дейін 51 әуе кемесін, ал ағымдағы жылдың соңына дейін 14 әуе кемесін сатып алу жоспарланған.
"Ішкі әуе бағыттары бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Қазір 57 маршрут бар, оларды 5 әуе компаниясы жүзеге асырады. Әлеуметтік маңызы бар және туристік сипаттағы 20 әуе бағыты бюджет қаражаты есебінен субсидияланады.
" Пандемия кезеңімен салыстырғандв халықаралық бағыттар саны артты. Бұрын 97 халықаралық бағыт болса, қазір олардың саны 115-ке жетті. Ұшақтар 28 елге ұшады, аптасына 518 рейс орындалады. Тасымалдау құрылымы да өзгерді. Егер ковидке дейін бизнес рейстер саны басым болса, қазір туристік бағыттар көп Адамдар саяхаттағысы келеді және әуе компаниялары жаңа рейстерді жандандырғысы келеді. Жаңа әуе бағыттарына бастау беру жоспарда бар. Гонконг, Малайзия, Франция, Жапония, жақын арада Пәкістанға рейстер орындалады. Бір апта бұрын мен Түрік әріптестеріммен кездестім, біз Ақтау -Ыстамбұл бағыты бойынша рейстер санын ұлғайттық. Келесі туристік маусымда бұл бағытта күніне екі рет ұшады, - деп атап өтті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Ұшу қауіпсіздігінің жүйесі де реформалануда. Қазақстандағы жүйе - ТМД елдері арасындағы бірегейі.
"Біз жоғары деңгейдегі саяси ерік-жігерімізді таныта білдік. Президент біздің моделімізді Британдық, еуропалық модельге ауыстыруды тапсырды. Осыған байланысты біздің азаматтық авиация туралы басты Заңымызға өзгерістер енгізілді. Қазақстанның "Авиациялық әкімшілігі" құрылды. Бұл мемлекеттік орган емес, акционерлік қоғам. Оған арнайы мәртебе берілді, ол бюджетке тәуелді емес, әуе-навигациялық алымдар есебінен қаржыландырылады", - деп толықтырды Талғат Ластаев.
Халықаралық конференцияның ашылуында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров та сөз сөйледі. Ол барлық қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.
"Әуе көлігінің бірінші және негізгі міндеті - авиациялық қауіпсіздік. Азаматтық авиация саласында көп жылғы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Еуропалық конференцияда бақылаушы мәртебесіне ие болды және осы конференцияға қабылданған ТМД-ның үшінші елі болды. Мұнда біздің еліміз үшін аса маңызды мәселелер талқыланады. Ақтау әуежайы тораптық әуежай болып табылады, жолаушылар ағыны бойынша Нұр-сұлтан мен Алматыдан кейін үшінші орын алады. Конференцияны Маңғыстауда осындай жоғары деңгейде өткізу қаламыздың және жалпы еліміздің әуежайын дамыту үшін маңызды. Ақтау әуежайы әуе кемелерінің барлық түрлеріне шектеусіз қызмет көрсету мүмкіндігіне ие және барлық ұлттық және халықаралық стандарттарға жауап береді", - деді Бекбол Орынбасаров.