11 тамызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен "Мерейлі отбасы-2022" ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шарада сөз алған аймақ басшысы "Мерейлі отбасы" байқауына қатысушыларды жеңісімен құттықтап, қатысушыларға отбасы институтын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
-Бүгін өз мәресіне жетіп отырған «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі құтты болсын!
Халқымыз үшін отбасы – қастерлі құндылық, қасиетті ұғым.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы - белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен республикада отбасыларға қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі. Жыл сайын ана мен баланы қорғауға, көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға бөлінетін қаражат ұлғайып келеді. Соңғы жылдары облыста бала туу көрсеткіші 31% - ға өсіп, республикада екінші орында тұр. Біздің өңірде 34 мыңнан астам көпбалалы отбасы, 12 мыңнан астам ана "Алтын алқа" және "Күміс алқа"иегерлері. Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтаймын, барлық отбасыларға алғысымды білдіремін, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Биылғы өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, білім, денсаулық сақтау, өнер, кәсіпкерлік және т.б. салаларынан құралған 59 отбасы өтінімдерін берді.
Байқауға көп балалы және жас отбасылар да белсенді қатысып, облыстық кезеңге 14 отбасы жолдама алды. Оның ішінде ұстаздар династиясы, өнерлі әулет, кәсіпкерлер және ата кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен отбасылар бар.
"Мерейлі отбасы-2022" ұлттық байқауының жеңімпаздарын анықтау бойынша өңірлік комиссияның шешіміне сәйкес І орынды Бейнеу ауданынан Себепбаевтар отбасы, ІІ орынды Маңғыстау ауданынан Тұңғатаровтар отбасы, ІІІ орынды Түпқараған ауданынан Жауыновтар отбасы иеленді.
Сонымен қатар, облыстық кезеңге қатысқан 11 отбасыға лауреат атағы берілді.
Жеңімпаз отбасылар бағалы сыйлықтармен марапатталып, Маңғыстау облысы атынан республикалық кезеңге Бейнеу ауданының Себепбаевтар отбасы жолдама алды.
Ұлттық жобаның республикалық кезеңі отбасы күніне орай (қыркүйек айының 2 жексенбісі) қорытындыланады.