10 тамызда аймақ басшысы Бейнеу ауданына барған жұмыс сапары барысында жерасты су көздерінің жай-күйімен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші нысан - Боранқұл ауылынан 60 шақырым жерде орналасқан "Төңірекшың" жер асты су көздерінің қоры болды. Бұл жер асты су көздері қорының тәулігіне 104 мың текше метр су беруге толық мүмкіндігі бар. Тұздылығы 1 литрге 3-4 граммнан келеді.
«Маңғыстау- Геология» ЖШС ғылыми- өрдірістік орталығының директоры Автандил Гавашелишвилидің айтуынша 1988-1991 жылдары Маңғыстауда Шетпе гидрогеологиялық партиясымен Қарақұм совхозының аумағында барлау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 11 ұңғыма бұрғыланып, олардың барлығынан су көздері мол шыққан. Осы су көздерін халық игілігіне пайдалану үшін жақын жердегі елді мекеннен су сорғы бекетін және су тұшыту қондырғысын салу қажет.
- Маңғыстауда табиғи су қоры жоқ деп айтуға болмайды. Бейнеу ауданының аумағында 11 ұңғымадан су шығып тұр. Оны жергілікті тұрғындар мал шаруашылығына пайдаланып отыр. Енді осы су көздерін тиімді пайдалану технологиясын енгізу қажет. Ол үшін алдымен алдағы 27 жылға су қорын қайта есептеп, жақын маңдағы елді мекенде су сорғы бекетін орнатып, су тұшыту қондырғысын салу қажет, - деп атап өтті "Маңғыстау-Геология" ЖШС ҒӨО директоры Автандил Гавашелишвили.
Айта кету керек, өткен жылы «Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-нің тапсырысымен ««Маңғыстау-Геология» ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-мен қосымша барлау және жер асты су қорын бағалау бойынша ЖСҚ дайындалған. Жобаға сәйкес осы аумақта қосымша 11 жаңа ұңғыма қазу жоспарлануда. Нәтижесінде барлығы 22 скважнадан тәулігіне 104 мың текше метр су алуға мүмкіндік бар.
Осыдан кейін аймақ басшысы Ноғайты ауылына жақын орналасқан Сам -1, САМ -2 су кен орнына барды. Бұл су көздері 1967-1969 жылдары іздеу-барлау жұмыстары кезінде ашылған. Судың 1 литрінде 1-ден 3 грамға дейін тұз бар. Тәулігіне 35 мың текше метрге дейін су беруге қауқарлы.
Сондай-ақ Нұрлан Ноғаев Боранқұл ауылының мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарымен кездесіп, жер асты суларын тиімді пайдалану жөнінде кеңес өткізді.
-Су көздері бар орындарында судың табиғи қорларын есептеу, жоспарлау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз өңірдегі су тапшылығын жою мақсатында жер асты суларының көздерін анықтап, жүйелеуге тиіспіз. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың алдына су тапшылығын жою міндетін қойды, осы тапсырманы орындау аясында өңірде бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Су көздері бар ұңғымаларға жақын жерде орналасқан мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, суды неғұрлым тиімді пайдалануға көшу қажет, - деп атап өтті облыс әкімі.