Маңғыстауда 12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай бірнеше іс-шара өтеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ертең, 10 тамыз күні 34 шағынаудандағы Достық үйінде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Шара сағат 15:00-де Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының қатысуымен өтеді.
Ал сағат 18:00-де теңіз жағалауында өңір кәсіпкерлерінің қатысуымен «Бизнес-жәрмеңке» өтеді. Шара аясында 20-ға жуық кәсіпкер өз өнімін қолжетімді бағада халыққа ұсынады.
11 тамыз күні сағат 13:00-де «Holiday Inn» қонақ үйінде «Маңғыстау облысы жастарының стратегиялық жоспарлау сессиясы» өтеді. Онда арнайы маман, ментор, ҮЕҰ саласының сарапшысы Бибігүл Шайхиева қатысушыларға «Стратегиялық менеджмент» тақырыбын интенсив курс өткізеді. Сондай-ақ жастар арасындағы мәселелер мен қажеттіліктер талқыланып, жоспар жасақтайды. Аталған шараға Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев қатысып, қатысушылардың жоспарымен танысады. Әрі қарай аймақ басшысы мен өңір жастарының еркін пікір алмасуы өтеді.
Мерекелік үш күндік шара 12 тамыз күні сағат 19:00-де Амфитеатр алаңында өтетін «Жиналайық» гала-концертімен қорытындыланады. Концерке маңғыстаулық өнер жұлдыздары және елге танымал хедлайнерлер келіп, қала тұрғындарын қуантады.