Оның біреуі Ақтаудағы әскери бөлімде қызмет еткен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтаудағы 3502 әскери бөлімінде
арнайы комендатураның қарауыл бастығы болып қызмет атқарған аға сержант Абылай Мерғалиевті жұбайы 30 шілде күні сағат 03.30 шамасында үйінің дәретханасында (тұрғылықты мекенжайы: Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы, Балдырған көшесі 7) асылып тұрған күйінде тауып алған.
Абылай Мерғалиев 1990 жылы туған, үйленген, бір қызы бар. Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бастап қызмет еткен.
29 шілде күні Степногорсктағы әскери бөлімде сағат 21.00 шамасында автопарк бойынша тәуліктік кезекшілікте тұрған қатардағы жауынгер Н.А. Оразбай кезекшіден дәретханаға сұранып кетеді.
Біршама уақыттан кейін оны шақырып келуге шыққан кезекші сарбаз автопарк аумағында орналасқан қойма ішінде Н.А.Оразбайдың асылып тұрғанын көреді.
Автопарктің кезекші қызметі Н.А.Оразбайға жедел медициналық көмек көрсетіп, санитарлық көлікпен Степногорск Орталық қалалық ауруханасына жеткізген. Орталық қалалық ауруханасының дәрігерлері сарбаздың қайтыс болғанын растайды.
Қатардағы Оразбай Н.А. 1995 жылы туған, Ұлттық ұлан қатарына 2021 жылдың күзінде Жетісу облысының Панфилов ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен шақырылған.
Аталған фактілер туралы кезекші қызмет желісі бойынша тиісті органдарға хабарланды. Оқиғалардың мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге тыйым салынған.
ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мерзімдік қызмет әскери қызметшісі Н.А.Оразбайдың және келісім шарт бойынша әскери қызметші А.С.Мерғалиевтің ата-анасы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтады.