Жарты ғасырдан аса еңбек жолында отандық медицинаның өркендеуіне зор үлес қосқан дәрігер есімі Маңғыстау өңіріне ғана емес, республика халқына етене таныс, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Шауқамбердиев Аманқос Құрымбайұлы 1945 жылы 31 тамызда Форт Шевченко қаласында өмірге келді. 1963-1969 жылдар арасында Ақтөбек Мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетінде оқыды.
Еңбек жолын 1969 жылы Жаңаөзен қалалық ауруханасының дәрігер хирургы болып бастады. 1971 жылы АГМИ қабырғасында анестезиология-реаниматология бойынша 6 айлық алғашқы арнайы оқудан өтіп, хирургиялық оталарда интубациялық наркоз беріп бастады. 1973-1974 жылдары травматология-ортопедия бойынша арнайы дайындықтан өтіп, Жаңаөзен қалалық ауруханасында біздің өңірдегі алғашқы травматологиялық бөлімнің негізін қалады.
1974-1976 жылдары АГМИ қабырғасында медицина ғылымдарының доқторы, профессор Э.И. Шаироның қол астында клиникалық ординатурадан өтті. Клиникалық ординатураны сәтті аяқтаған соң Қазақ ССР денсаулық сақтау министрінің арнайы жолдамасымен травматология-ортопедия саласын ұйымдастыруға Маңғышлақ облысына келді. 1976-2012 жылдары Маңғыстау облыстық ауруханасының травматология-ортопедия бөлім меңгерушісі және облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс травматологы, штаттан тыс рабиологы қызметтерін аброймен 36 жыл бойы атқарып келді.Қызмет барысында травматология, ортопедия, рабиология бойынша өз білімін Москва, Санкт-Петербург, Киев, Харьков, Вильнюс, Курган, Ташкент қалаларында жетілдіріп отырды.
1995 жылы Қазақстан Республикасында алғашқылардың бірі болып, Америка құрама штаттарында арнайы дайындықтан өтіп, тізеге травма кезінде артроскопия арқылы эндоскопиялық әдіспен ота жасауды енгізді. 1983 жылы СССР денсаулық сақтау ісінің үздігі, 2001 жылы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі төсбелгілерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2013 жылы Маңғыстау облысының дамуына қосқан зор үлесі үшін мерекелік төс белгімен, 2014 жылы Н.И.Пирогов медалімен, 2015 жылы травматология мен ортопедияның дамуына қосқан зор үлесі үшін Травмотология Ортопедия ғылыми зерттеу институтының (НИИТО) алтын медалімен, Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысы бойынша көптеген мерекелік медальдарымен марапатталды.
2000-2003 жылдары ақтау қалалық маслихатының депутаты болып, ғылым, білім және денсаулық саласы бойынша тұрақты комиссия төрағасы болды. 2015 жылдан Ақтау қаласының құрметті азаматы болды.
Аманқос Құрымбайұлының 35-тен аса аса ғылыми-практикалық еңбегі бар.
Аманқос Құрымбайұлы өз өмірінде көптеген шәкірттерін үйретіп, тәрбиелеп кетті. Бүгінгі күні ол кісінің ізбасарлары облыстың барлық емдеу мекемелерінде травматология, ортопедия бойынша еңбегін жалғастырып отыр. Ұлы Жансерік Астана қаласында Республикалық деңгейдегі клиникада әке ісін жалғастыруда.
Медицина саласындағы Аманқос Құрымбайұлы салған сара жол - алтын шынжыр жалғасын табуды.
«Маңғыстау-Медиа» ұжымы марқұмның отбасы мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.