Ақтау қаласындағы «Сапсан» оқу-дамыту орталығының бүлдіршіндері Маңғыстау облысының полиция департаментіне барып, өңір полициясының тыныс-тіршілігімен етене танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Полицейлер қонақтарды жылы қарсы алып, балақайларға жазғы демалыстың көңілді өтуіне тілек білдірді. Экскурсия департаменттің мұражайынан бастау алды.
Айта кетейік, Маңғыстау полицейлері мұражайы - экспозициялар мен көрмелер, қорлар мен түрлі зерттеулер топтастырылған мәдениет ошағы. Балалар жылдар бойы мұражай қабырғасында жинақталған полиция мұрасымен, экспонаттармен танысып, өз эмоцияларымен бөлісті. Араларында полиция қызметіне зор қызығушылық танытқан, ертеңгі елге қызмет ететін болашақ тәртіп сақшылары да аз болған жоқ.
Танымдық экскурсиясының келесі бағыты ведомвствоның Жедел басқару орталығында жалғасты. Күндіз-түні азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысып отырған қырағы сақшылар жеткіншектерге құқық бұзушылықтардың қалай анықталатынын бейнебақылау камераларын көрсету арқылы түсіндіріп өтті.
Өз кезегінде кішкентай меймандар бейнебақылау жүйесінің басқару пульттерін қолдану арқылы қала жолдарындағы қозғалысты бақылап, шаһарымызды кең ауқымда тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамымен және арнайы техника – қару-жарақтармен таныстырды.
Іс-шара соңында тәрбиешілер мен балалар тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, Бұл – мемлекет басшысының бұйрығымен бекітілген «Балалар жылы» аясында іске асып жатқан іс-шаралардың бірі.