Ақтаудан шалғай жатқан Жарма, Сазды, Сауысқан ауылдары құм көшкінінің зардабын тартып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мәселен Жарма ауылының тұрғындары 1996 жылдан бері ауыл ішін құм басқанын айтады. Ал соңғы уақытта құм көшкіні үдеп, екпінді желмен келетін топырақ қораларды құлатып жатыр екен.
72 жастағы Игілік Өтесінов қария 9 жасында Жарма ауылына көшіп келген. Айтуынша, ол уақытта тау боп үйілген құм ауылдан шамамен 300 метр жерде болған. Жарма ауылында өмірінің 63 жылын өткізген қария құмның көшуі осыдан 26 жыл бұрын басталғанын айтады.
- Мына қора құмның астында қалды. Құдық та құмның астында қалды. 1996-жылдан бастап осы құмға зобалаң туды. Содан бері көшті. Бұл көшкеннің нәтижесі мінекей, осындай, елді мекенді басып қалуға айналды. Ал енді осыған көмек сұраймыз. Енді бұған анау-мынау көмек емес. Дұрыс, нәтижелі жұмыс болу керек. Жел дейтін мына шығыстан болады мінекей. Мына құмнан бастап арғы шетке дейін тоқтатса, сонда бір бетіне жетер еді. Сөйте-сөйте ақыры жаңағы жыртығымыз бүтінделер еді. Ал мынаны қоршап тастаса соның ортасынан шөптің өзі шығады. Жабайы шөптер. Сонымен құм тоқтар еді, - дейді Жарма ауылының тұрғыны Игілік Өтесінов.
- Осы күнге дейін шарбақ сала алмай отырмыз. Шарбақ салсақ құм басып қалады. Жылма жыл осы жерде техника жалдап әркім өзінің қалтасы көтергеніне қарай құм тасытады. Оны бәрі бірдей осы жердегі тұрғылықты халықтың қалтасы көтере бермейді. Бәрі де айтып кетіп жатыр «алдағы жылдан басталады, келесі жыл бастайды» деп. Бірақ жасалып жатқан ешқандай жұмыс жоқ бұл жерде, - дейді Жарма ауылының тұрғыны Бақытжан Бимағамбетов.
Табиғи апаттан зардап шегіп отырған бұл ауылда 100-ге жуық тұрғын бар. Тұрғындардың сөзінше соңғы уақытта құм көшкіні жиілеп, биік құм ауылдың ішін басуға таяп тұр. Сондықтан, алыстағы ағайын шенділерден ауыл маңына сексеуіл егуді сұрайды. Ал облыстық табиғи ресурстар басқармасы 2018 жылы жоба дайындап, содан бері жыл сайын облыстық бюджет қаражат бөлмегенін айтады. Ал былтыр облыстық әкімдік құм басу қаупі төніп тұрған Маңғыстау ауданындағы Жарма, Сазды, Сауысқан ауылдарына 6 жылға 408 миллион теңге қаражат бөліпті. Алайда, сексеуіл егумен айналысатын мердігер мекеме табылмай отыр дейді.
- Жыл басынан бастап біз төрт рет конкурс жариялаған болатынбыз. Өкінішке орай, мердігерлер конкурсқа қатыспады. Бір апта бұрын біз бесінші рет конкурс жарияладық. 2004 жылдан бері сексеуіл егу жұмысын жүргізіп келе жатырмыз. Қазіргі уақытқа дейін Сенек, Тұщықұдық, Шебір және Ұштаған ауылдарына 3236 гектар сексеуіл еккен болатынбыз, - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов.
Ербол Деновтің айтуынша биыл сексеуіл егу жұмыстары басталуы мүмкін. Өйткені, бұл жолы конкурсқа мердігер компания қатысуы мүмкін дейді ол. Ал егер мемлекеттік байқау сәтті аяқталса жыл соңына дейін 135 гектар аумақ қоршалып, келер жылы сексеуіл егу жұмысы басталады. Жалпы 135 гектар жердің ішінде 75 гектары Сауысқан, 35 гектары Сазды, 25 гектар аумағы Жарма ауылында қоршалмақ.