Министрлік мектепке дейінгі ұйымдарда лицензиялауды енгізу бойынша жұмысты бастады. Тиісті заң жобасы әзірленетін болады. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдар ашылғанда бірыңғай талаптар жоқ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Мектепке дейінгі ұйымдарға 2011 жылға дейін лицензия алу талаптары қойылды. Лицензия алу кезінде мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкес болуы керек. Яғни, лицензиялауда өрт қауіпсіздігі және денсаулық стандарттары, топтардағы балалар санының нормалары, мұғалімдердің біліктілік нормалары ескеріледі.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан басқа білім берудің барлық деңгейлері яғни, мектептер, колледждер және университеттер лицензияланады. Мысалы, жекеменшік мектептер де лицензияланады. Олардың саны 3 жыл ішінде 3 еседей артты. Бұл біліктілік талаптарының дұрыстығын дәлелдейді.
- Мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялау жоспарлануда. Бірінші кезеңде – жаңадан ашылатын білім беру ұйымдары (жылына шамамен 200 б/б); келесі кезеңде – жұмыс істеп тұрған, бірақ мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар (жылына 1-2%); тәуекел дәрежесі жоғары білім беру ұйымдары (НОБД-ҰБДҚ мәліметі). Лицензия беру жөніндегі мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылған және (рұқсатты бақылауды қоспағанда) лицензиар мен лицензиат арасында тікелей өзара байланыс болмайды, - деді Маңғыстау облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Тәтітімбет Жұмалиев.