Ертең, 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай қалада бірнеше шара өткізу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
19 шағынаудан музей алаңында «Балдәурен балалық» мектеп оқушыларының арасында ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Шара сағат 10:00 – 11:30 аралығында өтеді.
19 шағынаудан кітапхана алаңында «Бар жақсылық балаларға» ертеңгілігі өтеді. Ертеңгілік сағат 11:00 – 12:00-де өтеді.
1 шағынаудан облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ауласында «Вокал» студиясы өнерпаздарының мерекелік концерті ұйымдастырылады.
Ал Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында балаларға арналған «Аладдиннің сиқырлы шамы» ертегісі сахналанады. Қойылым сағат 11:00 – 12:00 аралығында болады.
3 шағынаудандағы мемлекеттік мәдени-тарихи қорығының ғимаратында «Маңғыстау ескерткіштері» тұрақты экспозиция бойынша экскурсия ұйымдастырылады.
Сонымен қатар сағат 19:00 – 20:00 аралығында «Астана алаңында» «Сиқырлы қылқалам» асфальтқа сурет салу байқауы өтеді.
Облыстық филармонияда камералық ансамбльдің концерті өтсе, Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Доктор айболит» және «Теремок» қойылымдары сахналанады. Шара сағат 12:00 – 13:00 аралығында өтеді.
«Астана алаңында» сағат 17:00 – 18:00-де «Айжан әжейдің ертегісі» спектаклі қойылады. Ал кешкі 18:00 – 20:00 аралығында «Бақытты балалық шақ» мерекелік концерті болады.