Мемлекет басшысы бүгінгі күнін - Әзірет Сұлтан мешітіне барып, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына бағыштап құран оқытудан бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Биыл – 1921-1922 жылғы Лениндік «Ет пен сүт» декретінен (Қаулысынан) кейін болған ашаршылыққа 100 жыл, 1931-1932 жылғы Сталиндік-Голощекиндік қолдан жасалған ашаршылыққа – 90 жыл және 1937 жылғы қандықасап қуғын-сүргіннің екінші толқынының басталғанына – 85 жыл.
Демограф М. Тәтімовтің есебі бойынша 1931-1932 жылдардағы ашаршылық құрбандары 4 миллионнан асады немесе қазақ халқының 65-70% қырылған.
1937-1939 жылғы репрессия кезеңінде 120 мыңнан астам қазақ азаматы қуғын-сүргінге ұшырап, оның ішінде 25 мыңнан астамы НКВД-ның ату жазасына кесілген. Олар – нағыз ұлт зиялысы, оқыған-тоқыған, халқын ілгері дамыта алатын мемлекетшіл қайраткерлер болатын. Осылайша, ашаршылық арқылы қазақ халқының саны азайса, репрессия арқылы елдің ақыл-ойы, сапасы төмендеді.