Ақтауда «Yessenov Fest-2022» республикалық фестивалі аясында өткен шараларға республиканың түкпір-түкпірінен 5 мыңға жуық жас қатысып, гала-концертте 20 мыңнан астам көрермен жиналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Фестиваль аясында өткен Есенов пәндік олимпиадасының І кезеңі 30 сәуірде өтті. Оған 3800-ге жуық оқушы қатысты. ІІ кезеңге 800-ге жуығы жолдама алды. Қатысушылар Қарағанды, СҚО, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Түркістан облысы, Ақтөбе, Орал қаласынан келді. Олимпиадаға 60 грант бөлінді. І орын алғандар үшін 100%, ІІ орын алған 20 адамға 75%, ІІІ орын алған 20 адамға 50% жеңілдік берілді.
Ал колледж түлектері мен 11-сынып оқушыларының кәсіпкерлік белсенділігін дамытуға бағытталған «Jas Kasipker-2022» стартаптар конкурсына биыл 40 өтінім түскен. Сыртқы бизнес-тренерлер мен сарапшылардан жасақталған қазылар алқасы финалға шыққан 10 жобаны бағалады. Қатысушылар рендеринг аппаратын дайындау, көлік жүргізушілерін ұйықтап кетуден сақтайтын көзілдірік, суда жүзуде қауіп-қатерде белгі беретін білезік жасау бойынша үздік жобалар ұсынды. Фестиваль соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар 10 грант пен жеңілдік берілетін «YU Debate Cup IV» мектеп оқушыларының арасында республикалық пікірталас турниріне 7 облыстан 50 команда тіркеліп, І кезеңге 32 команда іріктелді. Ережеге сәйкес 32 команданың ішінен 16 команда ақтық сынға жолдама алды. Олар Атырау, Ақтөбе, Маңғыстаудан жиналып бақ сынасты.
Есенов университетінің дәстүрлі жастар шығармашылығы байқауына биыл 200-ден аса өтінім түсті. Оның ішінде 100-ге жуық қатысушы іріктеліп, «Эстрадалық вокал», «Хореография», «Аспапта орындау», «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, жүлделі орындарды бөлісті.
«Yessenov Fest - 2022» фестивалі аясында алғашқы рет «YU Chess Cup-2022» шахмат турнирі өтті. Турнир мақсаты - республика бойынша және өңірімізде шахмат ойынын дамыту. Байқау швейцариялық үлгіде 7 турдан құралып, фиде ережесі бойынша «Swiss Manager» бағдарламасы арқылы өткізілді. Турнирге 60 қатысушы Семей, Алматы, Шымкент, Павлодар, Түркістан, Ақтау, Жаңаөзен, Форт-Шевченко қаласы мен Бейнеу ауданынан келді. 1,2,3-орын алған Павлодар, Алматы, Шымкент қаласынан қатысқан жеңімпаздарға 200 000 тг, 150 000 тг, 100 000 тг ақшалай сыйақы берілді.
Университет ректоры Берік Ахметовтың айтуынша, бұл фестиваль ең алғаш 2018 жылы ұйымдастырылған. Әлемдік коронавирус індетіне байланысты екі жылғы үзілістен соң биыл қайта жанданып отыр. Фестивальға 29-дан астам компания демеушілік көрсеткен. Шараның бас демеушісі «BS Holding» ЖШС компаниясы, сондай-ақ «Еркемед», «Шанс», «Isa Group» компаниясы. Сондай ақ Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық әкімдігі қолдау көрсетті. Университет басшылығы өз кезегінде оларға алғысын білдірді.
Фестиваль аясында қатысушыларға жалпы 100 грант пен жеңілдіктер, ақшалай сыйақылар және сертификаттар, сыйлықтар табысталды. Фестиваль аясында 5 мыңнан астам жас бақ сынады.
Ал гала-концертке 20 мыңнан аса тұрғын жиналды. Шарада эстрада жұлдыздары Qanai, Kalifarniya, Abdr және Нұрсұлтан Силаған, Еділ Анарбай, Сұңғат Баймұратұлы, Мәлік Жамбылұлы өнер көрсетті.