1985 жылы туып, 2002 жылы мектеп бітірген ұштағандықтар ауылға тұғырлы Ту орнатты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысында мектеп бітіргеніне 10, 20, 30, 40 жыл болған түлектердің ауылға, білім ордасына тарту жасауы дәстүрге айналған. Сол дәстүрді биыл мектеп бітіргеніне 20 жыл болған, Маңғыстау ауданына қарасты Ұштаған ауылының түлектері де жалғастырып жатыр.
— 2002 жылы бітірген түлектер болып елімізге не жасай аламыз деп ойладық. Біраз ақылдасып, ауыл жастарының отансүйгіштік қасиетін ояту мақсатында, туған жерімізге ҚР көк байрағын тігейік деп шештік. Тұғырды өзіміз оқыған мектептің алдына орнаттық. Себебі оқушылар сабаққа барған сайын көк байрағымызға көз салып өтер деп ойлаймыз. Сонымен қатар, бұл орын ауылдың кез келген жерінен көрініп тұрады. Осы шаруаға жан-жаққа тарап кеткен құрдастардың бәрі де жиыла қалып, атсалысты. Қазіргі таңда ауыл жұртшылығы ризашылығын білдіріп, алғысын айтып жатыр, — дейді Қанат Шыңғысханұлы.