Маңғыстау облысында батпаққа батып қалған автобустағы адамдар құтқарылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді.
— 9 мамыр күні ПАЗ автобусымен 23 адам Ақмешіт қауымына зиярат етуге шығып, орта жолда батып қалған. 13 адам сол күні түнде УАЗ көлігімен Бейнеуге оралған. Қалған 10 адам сол маңайдағы малауылға түнеген. Келесі күні, 10 мамырда сағат 9:00-де қалған 10 адамды құтқаруға Бейнеу ауданы ТЖБ 2 қызметкері және әкімдіктің 2 қызметкері, ҚазТрансОйл мекемесінің 1 қызметкері, 1 КамАз вахтовка мен 1 УАЗ көлігі және 3 тумалас кісілері көмекке шықты. Сағат 15:00 шамасында жолаушылар да, автобус та Бейнеуге жеткізілді, — делінген хабарламада.
Ақмешіт қауымы — "Бейнеу — Шағырлы" бағытында Бейнеуден солтүстік-шығысқа қарай 70 шақырым жердегі Шиланды елді мекенінде орналасқан.