Маңғыстау облыстық ауруханасында иммундау апталығына орай семинар өтті. Семинарға 100-ден аса медицина қызметкері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Апталық МО Денсаулық сақтау басқармасы мен Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бірлесуімен ұйымдастырылды.
«Иммундау апталығының негізгі ұраны – ұзақ өмір сүреміз. Бұл жерде вакциналау арқылы реттелетін жұқпалы аурулардың алдын алып, адамдардың денсаулығын нығайтып, олардың өмір сүру ұзақтығын арттыру. Жалпы иммундаудың маңыздылығы, оның қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу», - деді Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы Марал Қадыр.
Семинар барысында үш мәселе талқыланды. Атап айтқанда, 2021 жылдың және 2022 жылдың 1 тоқсанындағы вакцинамен реттелетін аурулардың эпидемиологиялық жағдайына тоқталды. Иммундау және жоспарлы егумен қамту деңгейі, сонымен қатар вакциналаудың негізгі нормативтік құжаттары талқыланды. Оның ішінде егуге медициналық қарсылықтар, егуге рұқсат беру, егу жүргізу техникалары айтылды.
Облыстық бас эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, екі жыл бойы пандемиямен күресте тұрғындарды егумен қамту деңгейі төмендеп кеткен. Енді эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты аталған мәселелер қайта қолға алынады. Бұл ретте жыл басынан бері егу деңгейіне талдау жүргізіліп, медициналық қарсылықтар қайта қарастырылып жатыр.
«Табиғат болғаннан кейін тірі микрорганизмде өмір сүргісі келеді. Екі жылдан бері коронавирус жоғары деңгейде болып, біздің микрофлора аурасының барлығын коронавирус толтырып тұрды. Ендігі жерде вирусты инфекциялардың эпидемиологиялық жағдайы тұрақтанғаннан кейін олар бәсеңсіп, әлсірейді. Осы ретте бактериялық-флоралар көтеріліп кетеді ме деген қаупі де жоқ емес. Сондықтан да бактериялы инфекцияларға қарсы вакциналауды жандандыру – негізгі мақсатымыздың бірі. Олар туберкулез, құрөзек, көкжөтелге, сіреспеге қарсы иммундауды жандандыру. Сонымен қатар жоспарлы гепатитке, қызылша, қызамық, эпидпаотитке қарсы вакциналау да жанданады», - деді Марал Қадыр.
Одан бөлек иммундау апталығы барысында мекемелер мен оқу орнында түрлі шара ұйымдастырылып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апталық 30 сәуірге дейін жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА