Бүгін Ақтау қаласында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Вакцинация» тақырыбы бойынша сурет көрмесі өтті. Оған білім ошағының 8-9 сынып оқушылары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- "Иммундау апталығы" аясында өткізілген байқаудың басты талабы - вакцинаның маңыздылығын, тиімділігін, пайдасын және қауіпсіздігін насихаттауға бағытталған сурет салу. Байқауға 10-нан аса оқушы қатысты, - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы Марал Қадыр.
Әділқазы алқасы құрамындағы дәрігер-эпидемиолог, медбике және "Бейнелеу өнері" пәнінің мұғалімі әр суретті саралай келе, жүлдегерлерді анықтады. 1,2,3-орын алған оқушыларға Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының мадақтама грамотасы мен сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ үш оқушының суреті ынталандыруға ие болды. Оларға Жан Ағжановтың "Вакцинация" кітабы сыйға берілді.
- Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының бастамасына сәйкес "Иммундау апталығы" аясында өткізілген бұл конкурс мектеп оқушыларына, ұстаздарға, қала тұрғындарына үлкен ой салады деген үміттеміз. Себебі вакциналау арқылы адамның иммунитеті күшейіп, денсаулығының нығаяды. Вирустар, бактериялар барлық кезде табиғатта бар. Сондықтан вакциналаудың алатын орны жоғары. Өскелең ұрпақты жоспарлы егумен қамти отырып, олардың денсаулығын нығайтуға және ұзақ өмір сүруіне мүмкіншілік береміз, - деді Марал Қадыр.