Маңғыстаулық медбике Маржан Нұрлыбаева республикалық байқауда "Үздік маман - 2022" атағына ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасай отырып.
Маржан Нұрлыбаева облыстың денсаулық сақтау саласында 1987 жылдан бері жұмыс істейді. Ақ халаттылар арасындағы шығармашылық байқауларға қатысады, өлең жазады. Бүгінде Маржан Нұрлыбаева Жаңаөзен қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс істейді.
- Сәуір айының басында республика бойынша «100 Үздік маман» шығармашылық сайысы өтетіндігін басшылық хабарлады. Сөйтіп, қатысуға ниет білдірдім. Бірінші бөлімде еңбек жолыммен ұштастыра отырып «Ерен еңбек еленер, рухани дүние ол – өнер» тақырыбында эссе жаздым. Бірер күннен соң, екінші кезеңге өттіңіз деген хабарлама келіп, шарт бойынша «Дені сау ұлт, табысты ел болайық» деген тақырыпта мақала ұсындым. 20 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласынан денсаулық сақтау саласындағы «ҚР бойынша 100 үздік маман» байқауының жеңімпазы атандыңыз деген диплом мен алғысхат келді. Қуанышымда шек жоқ, бала күнгі арманым орындалды, - деді Маржан Нұрлыбаева.
Маржан Нұрлыбаева – аймақтық денсаулық саласындағы «Көркем сөз» бағыты бойынша өткен сайыстың да бас жүлдегері. 2021 жылы «Ең үздік маман» төсбелгісін алған.
- Жедел жәрдемдегі жұмысыма келер болсақ, фельдшер бұл - қиын әрі қызықты мамандық. Ал, филология мамандығы бала кездегі арманым болатын. Өз мамандығыммен қоса бос уақытымда шығармашылықпен айналысқанды ұнатамын, - дейді медбике.
Айта кетейік, фельдшердің бірнеше өлеңі "Ғасыр жыры" кітабына еніп, поэзияның алтын қорында сақталған.